Журналистерді орынсыз сынаған депутатқа ескерту берілмек

Аягөз Құрмаш

Самат Нұртаза журналистерді «қолтырауынға» теңеп, әлеуметтік желіде жазба қалдырған

 

Журналистерді орынсыз сынаған депутатқа ескерту берілмек
Фото: qazaq1913.com

Мәжіліс депутаты осы пікірінің орынсыз болғанын айтып, журналистерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бергенде, орынсыз теңеу айтқаны үшін кешірім сұрады.

«Бұл адамдар мен жануарлар әлеміне қатысты айтылған философиялық теңеу болатын. Ол үшін кешірім сұраймын. Бұл орынсыз қалжың болды деп ойламын. Енді алдағы уақытта мұндай жазбалар қалдырмаймын. Жалпы, мен үшін бұл жағдай сабақ болды. Басқа депутаттар сияқты жабық боламын», - деді Самат Нұртаза.

Депутат бұл теңеуді тікелей қабылдамау керек екенін айтты.

«Депутаттар шыққан кезде сіздер (журналистер – ред.) біреуін «ұстап» аласыздар, қызықсыз болғандардың бірін «жібересіздер». Бұл маған жануарлар әлеміндегі жағдайды елестетеді. Тағы да қайталап айтқым келеді, бұл менің тарапымнан айтылған орынсыз қалжың болды», - деді ол.

Аталған жайтқа қатысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пікір білдіріп, депутатқа ескерту жасады.  

«Қолтырауынға немесе басқа хайуанатқа теңеуге болмайды. Егер шынымен осындай мәселе болса, онда депутатқа ескерту жасалады»,- деп айтты Қошанов журналистердің сұрағына жауап бергенде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.