Депутат ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру мәселесін көтерді
Ол ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі екенін айтты
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ауыл мектептеріндегі білім деңгейі туралы сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Елімізде бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған немесе белгілі бір пәндерді тереңдете оқытатын мектептер жүйесі қалыптасқан. Қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдете оқытатын 90 лицейдің 8% пайызы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14% пайызы ғана ауылдық елдімекендерде орналасқан. Яғни, ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі», - деді ол.
Депутат атағандай, бұған қоса дарынды балаларға арналған республикалық, облыстық деңгейдегі мамандандарылған және дербес мәртебеге ие Назарбаев Зияткерлік мектептері бар.
«Аталмыш мектептер негізінен 5 және 7-сыныптарға дарынды оқушыларды емтихан тапсыру арқылы қабылдайды. Бұл мектептерге түсу үшін оқушының мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруі, тіпті кейбіріне түсу үшін белгілі деңгейде ағылшын тілін білуі шарт. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндіктер жоқ. Қазір жекеменшік репетиторлық және оқу орталықтары ақылы негізде мамандандырылған мектептерге оқушыларды дайындау қызметін ұсынады. Алайда еліміз бойынша табыс деңгейі ең төменгі көрсеткіштерге ие ауыл тұрғындары үшін балаларын ақылы курстарда оқыту тіпті мүмкін емес», - деді ол.
Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, мамандандырылған мектептерге түскен ауыл мектептері оқушыларының үлесі соңғы 3 жылдың көрсеткіші бойынша 8%-дан 25% пайыздың аралығында болса, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түскен оқушылардың үлесі 8-9% пайыздан аспайды.
«2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1 474 629 оқушының тек 2 915-і мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл ауыл мектептері оқушыларының жалпы санынан 0,2% пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріну деңгейі де қала мектептеріне қарағанда әлдеқайда төмен.
Ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру үшін бірнеше жобалар жасалып, бағдарламалар қабылданды. Сапалы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге шешілмей келеді. Осы орайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Жоғары оқу орнын үздік бітірген жас мамандарды ауылда тұрақтандандыру арқылы дарынды балаларды оқытып, оларды дайындау деңгейін арттыруға болады деп есептейміз. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша, білім сапасы көтерілмейді», - деді Саурықов.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс аясында Bilimland, Daryn.online және өзге платформалары арқылы 5 236 ауылдық мектеп қосымша оқыту қызметтерін қолданады.
«Алайда аталған мекемелердің мемлекеттік тапсырыс арқылы көрсетіп жатқан қызметтері толыққанды онлайн үлгіде емес. Бұл платформаларда негізінен таспаға жазылған видеосабақтар орналастырылған. Ал оқушыға қажеті – нақты уақыт режимінде онлайн үлгідегі тақырыбы өзекті, мазмұны үнемі жаңартылып отыратын қосымша сабақ», - деді ол.
Ол ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын арттырып, ауыл мен қала мектебі оқушыларының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне төмендегідей ұсыныстарды жеткізді:
- Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеріп, ондағы дарынды балалардың мамандандырылған оқу ұйымдарында білім алуына мүмкіндік туғызу үшін оларға тегін немесе бюджет тарапынан субсидияландырылған қосымша онлайн курстар ұйымдастыру қажет;
- Ауыл мектептері түлектерінің Назарбаев Университетіне немесе «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шетелдік ЖОО-ға қабылдауға дайындау үшін жекелеген пәндер бойынша тегін онлайн курстар ашу керек;
- Онлайн курстардың жақсы нәтиже беруі үшін аталмыш қызмет түрін еркін нарықтағы бәсекелестік ортаға беріп, мемлекет және жекеменшік әріптестігі жүйесі аясында жүзеге асырған дұрыс деп білемін;
- «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жастардың кадрлық резерві» бағдарламаларының толыққанды жұмыс істемеуінің салдарынан ауылдарда білікті, тәжірибелі мамандар жоқтың қасы. Қазіргі уақытта кезек күттірмейтін осы бағдарламаларды қайта жаңғыртып, мемлекет тарапынан жаңа жобалар жасап, бөлінетін қаржының көлемін екі есеге ұлғайту керек.