Екі жыл бұрын Қазақстанда 35 мың мұғалім жұмыссыз ретінде тіркелген, тағы 17 мыңы басқа салаға кеткен – депутат
Бұл - екі жыл бұрынғы мәлімет
Бүгін Мәжілістегі үкімет сағатында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев педагог мамандығы бойынша білім алатын адамдардың кейін мамандық бойынша жұмыс таба алмайтынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, жалпы, педагогтер ғана емес, Қазақстанның біраз оқу орнын бітірген мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Солай бола тұра, кейбір салаларда мамандар асып-жығылып жатыр.
«Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа тұратындардың үлесі шамамен жетпіс пайыз, бірақ, бұл көрсеткіш үш жыл қатарынан төмендеп барады. Солай бола тұра, мамандардың айтарлықтай үлесі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 2024 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша, 35 мың мұғалім ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, тағы 17,5 мың педагог білім беру саласында жұмыс істемейді. Тағы 60 мың педагог бойынша жұмыс істеп жүрген орындары мен саласы туралы ақпарат жоқ», - деді Пономарев.
Депутат бұл ретте Кореяның тәжірибесін сөз етіп, бұл елде мемлекет кадр тапшылығына қатысты саланы қатаң бақылайды деді. Оның осы мәселесіне жауап берген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірқатар ақпарат ұсынды.
«Иә, оқу бітірген студенттерді жұмысқа тұрғызу – негізгі мәселе. Педагогтер, эалпы, педагогтерді қайта даярлауға қатысты білесіздер, бірнеше жыл бұрын педагог мәртебесі турады жеке заң шықты. Олардың жалақысы өсті, тиісінше, мұғалім боламын деген сұраныс артты. Бірақ, педагогтерді әзірлейтін бағдарламаларды жетілдіріп үлгерген жоқ. Педагогтерді әзірлейтін 5 салалық ЖОО, сондай-ақ, педагог әзірлеуге лицензиясы бар 52 ЖОО бар», - деді Саясат Нұрбек.