Алматы әуежайында шетел азаматы ірі көлемде есірткімен ұсталды: ол өмір бойына сотталуы мүмкін

Күдіктіден 11 келі есірткі табылды

Алматы әуежайында ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолы кесілді, шекара қызметі мен полицияның бірлескен операциясы нәтижесінде шетелден 11 келіге жуық гашиш майын алып өтпек болған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бангкок – Алматы рейсімен келген 20 жастағы жақын шетел азаматы ұсталды. Жеке тексеру кезінде одан жалпы салмағы шамамен 11 килограмм болатын гашиш майы салынған 12 пластикалық ыдыс тәркіленді.

Жыл басынан бері жедел бөліністердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде елімізде есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталып, жолы кесілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 286-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

«Ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі трафигі арналарының жолын кесу, трансұлттық қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қою және мемлекеттік шекараны қорғау бойынша жұмыс жалғасатын болады», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.