Ирандық инвесторлар Қазақстандағы ірі агрожобаларға миллион долларлап ақша құятын болды

Жалпы инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайды

Ирандық инвесторлар Қазақстандағы ірі агрожобаларға миллион долларлап ақша құятын болды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Еліміз агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары аясында ирандық Golrang Industrial Group компаниясымен май экстракциялау зауытын және етті бағыттағы құс фабрикасын салу туралы екі ірі жобаны жүзеге асыру үшін келісімге қол жеткізілді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келісімге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен компания басшысы Фазли Мехди Мохаммадкарим арасындағы кездесу барысында қол қойылды. Жалпы инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайды.

Golrang Industrial Group басшылығы Қазақстанда бизнесті дамытуға стратегиялық маңыз беріп отыр.

Қазіргі уақытта компания өкілдері болашақ өндірістер үшін өңірлерді зерделеуге көңіл бөлуде.

Алғашқы жобада тәулігіне 3 мың тоннаға дейін күнбағыс өңдейтін заманауи май экстракциялау зауыты салынады деп күтіліп отыр. Оған 70 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тарту жоспарланған. Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді арттырып, өнімнің қосылған құнын едәуір өсіруге мүмкіндік береді.

Екінші бағыт құны 50 млн доллар болатын заманауи жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының құрылысы. Жоба өндіріс көлемін ұлғайтуға және өнім сапасын арттыруға бағытталған.

«Бірлескен жобаларды жүзеге асыру екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты өсімі аясында жүргізілмек. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы салада Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 55,8%-ға өсіп, 341 млн АҚШ долларынан асты. Бұл ретте, негізгі бөлігін бидай мен арпа секілді дәнді дақылдар құрайтын қазақстандық экспорт көлемі екі есеге жуық артты», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Кездесу иелері бірлескен өндіріс орындарын салу елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл бастама өңдеу өнеркәсібін дамытуға және Қазақстанның аграрлық секторына жаңа технологияларды тартуға ықпал етеді.