Көкшетауда Қопа көлі жағалауы жаңарып, жаңа қоғамдық жағажай ашылады
Жаңартылған жағажайды 1 маусымға дейін тапсыру жоспарланған
Көкшетау қаласында Қопа көлі жағалауын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында «Жаңа жағалау-2» аумағында заманауи қоғамдық жағажай ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаға сәйкес, жағалау аумағында шамамен 10 мың шаршы метр төсемтас ауыстырылып, инфрақұрылым толық жаңартылады. Жағажай құтқару станциясымен, санитарлық аймақтармен, медициналық пунктпен, душ кабиналарымен, демалыс орындықтарымен және спорт алаңдарымен жабдықталады. Сонымен қатар, волейбол және жағажай футболына арналған арнайы алаңдар қарастырылған.
Қала әкімі Әнуар Күмпекеев бұрынғы жабынның сапасы талапқа сай болмағанын атап өтті.
«Мұнда бұрын төселген төсемтастың жағдайын көріп отырсыздар, жарамсыз күйде. Қалыңдығы да жеткіліксіз. Қазір біз қалыңдығы 8 см болатын жаңа жабынды қолданамыз», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, қалада кең әрі заманауи жағажайға сұраныс жоғары.
«Қалаға кең, заманауи жағажай қажет екенін түсіне отырып, амфитеатрды толықтай бұзып, орнына заманауи талаптарға сай келетін жағажай салу туралы шешім қабылдап отырмыз. Мұнда киім ауыстыратын орындар, құтқару станциясы, шезлонгтар, спорт алаңдары, душ кабиналары болады», – деді ол.
Сапар барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қала әкімінен жобаның мерзімі туралы сұрады.
«Үлгереміз бе?» – деп нақтылады өңір басшысы.
Өз кезегінде Әнуар Күмпекеев жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын айтып, нысанды уақытында аяқтауға күш салынып жатқанын жеткізді.
«Иә, үлгереміз. Барынша 1 маусымға дейін аяқтауға тырысып жатырмыз», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, өңір басшысы жобаның бюджет қаражаты есебінен емес, демеушілердің қолдауымен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Жоба әлеуметтік жауапты бизнес өкілдерінің қолдауымен іске асырылуда», – деді Марат Ахметжанов.