Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлеуметтік желі мен интернетті уақытша бұғаттауға құқылы – Конституциялық сот
Бұл шешім соттың ресми сайтында жарияланды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері адамдардың қауіпсіздігі үшін байланыс пен әлеуметтік желіні уақытша бұғаттай алады. Конституциялық сот Заңның бұл нормасын Конституцияға қайшы емес деп тапты. Тіпті, егер қажет деп тапса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұялы байланысты да уақытша өшіре алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конституциялық соттың мәліметіне сүйенсек, сотқа өтініш жазған адам интернет пен әлеуметтік желінің уақытша ажырауы оның конституциялық құқығын шектейді деп санаған.
«Өтініштің мән-жайы мынада: азамат бұл норманың қолданылуына сот тәртібімен дау айтқан, алайда соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Өтініш субъектісі дау айтылып отырған норма өзінің сөз бен шығармашылық еркіндігіне, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізуге және сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықтарын шектейді деп есептеген», - деп жазады Конституциялық сот.
Азаматтың өтінішін тексерген сот бұл заң нормасы оның Конституциялық құқығын шектемейді деген қорытындыға келген. Өйткені, Конституция бойынша адамдардың өмірі мен амандығы – бірінші орында.
«Азамат дау айтып отырған Заң нормасына сәйкес кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр, аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, оның орынбасарлары немесе аумақтық органдарының бастықтары не оларды алмастыратын адамдар кейіннен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдарды және Бас прокуратураны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде байланыс желілерінің және құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және сол сайттардағы ақпаратты уақытша қол жетімсіз етуге құқылы», - деп хабарлайды Конституциялық сот.
Дегенмен, Конституциялық сот кез келген жағдай дұрыс бағаланып, құзырлы органдар тарапынан асыра сілтеуге де жол беруге болмайтынын ескертіп отыр.