Электр самокаттардың жүрісі заң бойынша қалай реттеледі?
Электр самокаттарға қатысты техникалық регламент 2022 жылдың шілдесінде қабылданды
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева заң жобасының тетіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі.
«Соңғы жылдары көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда, электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 (екі мың жиырма екінші) жылдың шілдесінде қабылданды», - деді Смышляева.
Ол депутаттар электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырғанын айтты.
«Жобаға сәйкес: - электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, - жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін иеленушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім», - деді ол.
Смышляева атағандай, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Шектеулерді басқару қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Және ол сырттай көзбен шолып анықталады. Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Және үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Жолдың жүру бөлігіне шығатын жүргізушілерге қойылатын талаптар – авариялық жағдайлардың алдын алу мақсатында енгізілді. Өйткені жол жүрісі қағидаларын білмеу – көлік құралының конструкциясын ескерсек, қиын жағдайға алып келуі мүмкін», - деді ол.
Смышляева атағандай, электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.
«Электр самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. Жалпы көліктің осы түрін дамытудағы проблемалардың бірі – арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Жекеменшік электр самокаттардың көбеюін, Қазақстан нарығында кикшеринг сервисінің пайда болуын ескерсек, осындай көлікке бейімделмеген, бұрыннан бар инфрақұрылымға түсетін жүктеме жақын арада артады. Сондықтан біз қала кеңістігін жоспарлауға, шерингтік компаниялардың жауапкершілігіне, көліктің жаңа түрін тіркеуге жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қамтамасыз ету үшін реттеуші құралдардың екінші топтамасын әзірлеуге кірістік», - деді Мәжіліс депутаты.