Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшер ауруханада көз жұмды
Қайғылы жағдайды қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы растады
Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде ауыр зардап шеккен фельдшер Ұлдана Мырзуан аурухана төсегінде қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдайды қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті.
«18 қарашада өзінің кәсіби міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер-әріптесіміз қайтыс болғанын қайғыра айтамыз. Тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлаған кезде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсете отырып, өзі де ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
8 қарашадан бері дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салды. Алайда, өкінішке қарай, алған ауыр жарақаттары оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.
Бұл – бүкіл медициналық қауымдастық үшін орны толмас қайғы. Ол өз ісіне адал, батыл, жанашыр әрі нағыз кәсіби маман еді. Соңғы сәтіне дейін қызметтік міндетін орындап, адамдарға көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ», – деді Әлия Рүстемова.
Басқарма басшысы сөз соңында марқұмның жақындарына көңіл айтты.
«Өз атымнан және басқарма мен бүкіл медицина қызметкерлері атынан марқұмның отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпыз.
Құрметті әріптесіміздің жаны жәннатта болсын, нұрлы бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – деп жазды ведомство басшысы.
Айта кетейік, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.