Вице-министр Астанада үстіне кондиционер құлаған жас фельдшер туралы: жағдайы өте ауыр
Зардап шеккен дәрігер реанимацияда жатыр
Астанада үстіне кондиционер құлаған фельдшер 23 жастағы Ұлдана Мырзуананың жағдайы әлі өте ауыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен аптада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылындағы орналасқан үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционер опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдеммен көмеккке барған фельдшер Ұлдана Мырзуана да бар. Медицина қызметкері оқиға орнында зардап шеккен адамдарға көмектеспек болғанда үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.
«Иә, әріптесіміз, жас фельдшер өте ауыр жағдайда жатыр. Реанимация бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Қазір біз еліміздегі мамандармен қосылып, консилиуммен шешім қабылдап, барлық көмек түрін көрсетіп жатырмыз. Әріптесіміз түскен күні жедел ота жасалған болатын, реанимациялық көмек көрсетілді. Қазір сол ем жалғасуда. Осы біздің қаламызда үлкен ауруханалардың бірінде жатыр», - деп жауап берді Мұратов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Зардап шеккен қалған төрт адам да толық көлемде ем қабылдап жатыр.
«Оның ішінде бір науқастың жағдайы ауыр, қазір реанимацияда. Қалған үш науқас бөлімшелерде қажетті тиісті емдерін толық қабылдап жатыр. Біз әріптестерімізге тезірек сауығып кетуін тілейміз. Сол үшін қолымыздан келетін жұмысты жасаймыз», - дейді ол.