$ 525.28  607.85  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда неше адам атаулы әлеуметтік көмек алады: қаладағы аз қамтылған отбасыларды қолдау туралы

Биыл қала бюджетінен 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат атаулы әлеуметтік көмек төлеуге бөлінген

Алматыда неше адам атаулы әлеуметтік көмек алады: қаладағы аз қамтылған отбасыларды қолдау туралы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жыл басынан бері Алматы қаласының тұрғындары әлеуметтік қорғау саласы бойынша 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, көрсетілген қызметтердің басым бөлігі жәрдемақы рәсімдеу, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар мен егде жастағы азаматтарға қызмет көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалада ерекше қажеттілігі бар адамдарға, жалғызілікті қарттарға және қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі тиімді жұмыс істеп келеді. 2025 жылдың басынан бері 9 мыңға жуық алматылық осындай көмекті пайдаланды.

Бұл қызметтер бірнеше бағытта ұйымдастырылған:

  • Стационарлық көмек – тұрақты күтімді қажет ететін адамдар үшін әлеуметтік орталықтарда көрсетіледі;
  • Жартылай стационарлық қызмет – күндізгі орталықтарға барып, қажетті қолдау мен кеңес алу мүмкіндігін береді;
  • Үйде қызмет көрсету – әлеуметтік қызметкерлердің қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың үйіне барып көмек көрсетуі.

Мұндай қызмет түрлері қоғамдағы инклюзияны дамытуға, яғни әрбір адамның өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бұл ретте Алматы қаласы әлеуметтік бағыттағы саясатты тек материалдық қолдау шеңберінде емес, адамға бағытталған тәсілмен іске асырып отыр.

Атаулы әлеуметтік көмектің мәні неде?

Биылғы жылы қала бюджетінен 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат атаулы әлеуметтік көмек төлеуге бөлінген. Қазіргі таңда 1 819 отбасы немесе 9 063 адам тұрақты түрде АӘК алып отыр.

АӘК бағдарламасының мәні - табыс көзі төмен азаматтарға жәрдемақы төлеумен өлшенбейді. Бұл олардың әлеуметтік және еңбек белсенділігін арттыруға бағытталған шара. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмекті отбасыларды «тәуелділік жағдайынан» шығарып, өз бетімен табыс табуға ынталандыратын құрал ретінде қарастырады.

Көмек екі түрге бөлінеді:

  • Шартсыз көмек – еңбек етуге қабілетсіз азаматтарға беріледі (мысалы, мүгедектігі бар немесе егде жастағы адамдарға).
  • Шартты көмек – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан жағдайда төленеді.

Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға балалар тағамы мен тұрмыстық химия өнімдерін сатып алуға арналған ай сайынғы ақшалай төлемдер беріледі.

Қала тұрғындарына әлеуметтік қорғау саласында кешенді көмек жалғасуда

Қала билігі әлеуметтік саясатты тұрғындардың күнделікті тұрмыс шығындарын ескере отырып қалыптастыруда. 2025 жылы 30 миллион теңге көлемінде қаржы тұрғын үй көмегіне бөлінген. Аталған қаражат коммуналдық қызметтерге төлем жасау кезінде шектен тыс шығынға ұшыраған отбасыларды қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар, коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтарға өтемақы төлемдері беріліп жатыр. Бұған негізінен зейнеткерлер, көпбалалы аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар кіреді.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары жаңа деңгейге шықты

Алматы қаласының қазіргі әлеуметтік стратегиясы бұрынғыдай тек жәрдемақы беруге емес, азаматты қоғам өміріне толық қатыстыруға бағытталған. Бұл бағытта мемлекет пен қала әкімдігі еңбекке ынталандыру, оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын қатар жүргізуде. Мәселен, АӘК алушы отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелеріне жұмыс орындары ұсынылып, кәсіптік курстарға қатысу мүмкіндігі беріледі. Сарапшылардың пікірінше, Алматыдағы әлеуметтік бағдарламалар жүйесі бүгінде заманауи модельге айналып келеді.

Жыл соңына дейін әлеуметтік қамсыздандырудың барлық бағыттары бойынша қамтуды кеңейтіп, қызмет сапасын арттыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары