Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлады: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр
Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханада жатыр
8 қараша күні Астанадағы «Алматы» ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер қондырғысы опырылып түсті. Астана әкімдігі жарақат алған бес адам қалалық №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қасбеттің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы құлаған сәтте бес адам зардап шекті. Екі адам жансақтау бөлімінде, ал тағы үшеуі бейінді бөлімдерде ем қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді әкімдік.
Екі фельдшер өндірістік жарақат алған
Зардап шеккендердің арасында екі фельдшер бар, олар жұмыс барысында жарақат алған.
Әкімдік мәліметінше, жансақтау бөліміндегі фельдшердің жағдайы өте ауыр, ал екіншісі нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр, жағдайы – орташа ауырлықта.
«Әлеуметтік желілерде тараған фельдшерлердің жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелді», – деп нақтылады әкімдік.
Тергеу басталды
Оқиға бойынша қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес еңбек инспекторы еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты жеке тексеріс жүргізіп жатыр.
Апат болған мекенжай
Айта кетсек, қайғылы оқиға Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінде болған. Қазіргі уақытта төтенше жағдай салдарын жою және нысанды тексеру жұмыстары жүргізілуде.