$ 503.05  542.99  5.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.01.2020, 16:45
Қоғам

Жол бойындағы ескі әжетханаларды тазалауға ай сайын 131 миллион теңге жұмсалуы тиіс – ҚазАвтоЖол

Әр әжетхана күтіміне 150 теңге мың қаралған

Жол бойындағы ескі әжетханаларды тазалауға ай сайын 131 миллион теңге жұмсалуы тиіс – ҚазАвтоЖол

Мақсат Іңкәрбеков Алматы-Қорғас-Талдықорған арасында апта сайын қатынайды. Оның айтуынша, 600 шақырымға созылған жол бойындағы әжетханалардың сау-тамтығы жоқ.

«Жолда көп жүреміз. Дәретханаларға жиі тоқтаймыз. Жазда сасық, қоқыс. Дәретхана тазаланбайды. Мына Қорғас пен Алматының арасы тіпті, масқара. Қатып қалған. Кіргің келмейді. Айналып, әжетіңді өтейтін басқа жер іздеуге мәжбүр боласың», - деді  Мақсат Іңкәрбеков.

Ал, «Шелек-Шонжы» арасында (Еңбекшіқазақ пен Ұйғыр аудандарының аралығы - ред) бес ашық дәретхана бар. Жолаушы олар да «аузы-мұрнынан» шығып жататынын айтады.

«Шелек пен Шонжының көпіріне дейін бес дәретхана бар. Бесеуіне де кіріп шыққам. Жолдағы дәретханалардың бәрін білем. Мүлдем тазаланбайды. Ешкім қарамайды», - деді Мақсат.

Әжетханалардың тазалығына жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ай сайын даладағы әр әжетхананы тазалауға 150 мың теңге бөлінуі тиіс дейді компания өкілдері. Яғни, қарамағындағы 877 ескі әжетхана күтіміне ай сайын 131 миллион 500 мың теңге қаралған. Алайда, бұл қаражат толығымен бөліне бермейтін көрінеді. Ал, санитарлық-гигиеналық талапқа сай, яғни заманауи 35 торапты таза ұстауға 14 миллион теңге төленеді.

«Республикалық маңызы бар автожолдардың бойындағы бетонмен тұрғызылған суық әжетханалардың саны бүгінгі таңда - 877. Олардың жүзге жуығы талапқа мүлдем сай келмегендіктен бұзылады. Толып кеткен, ластанған дәретханалар үнемі жұмысшылардың, басшылардың назарында. Дәретханалар аптасына кемі бір рет, қатты ластанса үш рет тазаланып, айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылады. Автобус аялдамаларының қасында орналақсан - 70, жол бойындағы демалу орындарынның қасына салынған - 30 дәретхана ескіргендіктен биыл бұзылады», - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ» ҰК» Стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру депаратментінінің директоры Рүстам Исаев.

300 шақырымнан сәл асатын «Алматы-Қорғас» тас жолының бойында 19 ашық дәретхана бар.  «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің мәліметінше, Алматы-Талдықорған арасында 80-ге жуык дәретхана жұмыс істейді.  Оның біреуі ғана жаңа «KazWay» модульді павильоны.

Биыл осы секілді санитарлық-гигиеналық талапқа сай келетін 304 торап салу жоспарланған. Ол үшін инвестор тарту қаралған. Дәретхана бизнесімен айналысатындарға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ай сайын әр павильон үшін 700 мыңнан 1,5 миллион теңге аралығында ақша төлеп тұрады. Дәл қазір мұндай екі дәретхана Алматы-Қапшағай автобаны бойында тұрғызылып жатыр. Дәретхана қожайыны қажетті заттардың бәрін тегін ұсынуы тиіс. Егер, қызмет дұрыс көрсетілмесе компания ай сайынғы төлемнен белгілі бір пайызды ұстап қалады.

«Егер ол жерде қағаз бен сабын болмаса келісім шарттағы төленетін ақшаның 2% көлемінде айыппұл салынады. Әр жолаушының шағымы жеке-жеке қабылданады. Яғни, 2%  көлеміндегі айыппұл күн сайын салынуы мүмкін.  Мәселен, әр айда бір миллион теңге төленуі тиіс болса, қызмет сапасын дұрыс көрсетпегені үшін 20  мың теңгені ұстап қаламыз.

Ал,  тазаланбаса, жабық тұрса онда 4 %, яғни 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұндай кемшілік бойынша шағым бір күнде бір-ақ рет қабылданады. Жазалау түрі келісімшарттағы төленетін ақшаның сомасына байланысты», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ» ҰК» Стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру депаратментінінің директоры Рүстам Исаев. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары