$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.01.2020, 21:08
Қоғам

Петропавл балабақшаларын жекеменшікке беру мәселесі дау туғызды

Балабақшалардың жаңа иелері қазақ топтарының жабылатынын айтқан

Петропавл балабақшаларын жекеменшікке беру мәселесі дау туғызды
Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда Жаңа жылдан бастап 3 балабақша кәсіпкерлердің сенімді басқаруына тапсырылған болатын. Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің жаңа иелері ата-аналарға қазақ топтарының жабылатынын айтқан. Бұл мәселе қоғамдық дау туғызды. Қызылжар белсенділері ҚР Парламенті мәжілісінің депутатынан балабақшадағы бассыздықты тоқтатуға атсалысуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ақ бота», «Ивушка», «Балдәурен». Петропавл қаласындағы үш балабақша 10 жылға кәсіпкерлердің сенімді басқаруына берілген. «Ивушканың» жаңа басшысының ата-аналарға жеткізген алғашқы жаңалығы – төлемақының өсетіні жайында болған. Қызмет құны 16 мыңнан 23 мың теңгеге дейін шарықтаған. Бұл салмақты қалтасы көтермейтіндер балаларын басқа бақшаларға ауыстырған. Мекеме әкімшілігі орталанған топтарды жауып, орыс тілде білім беретін топтарының ашылатынын мәлімдеген.

«Немеремізді қазақ тобына бердік. Ол жабылса орыс тілінде білім алғанын қаламаймын. Енді қайда баруымыз керек? Бақшаларда қазақ топтарында орын жоқ», - дейді ата-ана.

Қалыптасқан жағдайға наразылық танытқан қызылжарлық атқамінерлер  облыстық білім басқармасының басшылығынан мәселенің оң шешімін табуын талап етті. Қоғам белсенділері қатысқан жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман да шақырылды.

«Алдымызда қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айнлдыру міндеті тұр. Оның астарында үлкен саяси мән-мағына бар. Облыстық білім басқармасы тарапынан кемшілік жіберіліп, балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесі осындай шу туғызып жатқаны жараспайды. Аталған ведомство тиісті жұмысты жүргізбеген. Балабақшалардың басшылары арасында түсіндіру шаралары жүзеге аспаған. Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша алдағы уақытта балабақшалар ғана емес, мектептер де сенімді басқаруға беріледі. Соның барлығында білім беру мекемелерінің бейіні сақталуы тиіс. Соның барлығы жасалған келісімшарттарда көрсетілуі керек», - деді Кәрібай Мұсырман.

Қызылжар – Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда мемлекеттік тіл мәселесі ақсап тұрған өңірлердің тізімінен «алдыңғы қатардан» орын алады. Жиында Петропавл қаласында бір ғана ұлттық балабақша бар екені де айтылды. Қалғандары аралас, яғни екі тілде білім береді.  Қоғам белсенділері қазақ тілі кенжелеп тұрған өңірдің балабақшаларында мемлекеттік тілде білім беретін топтардың жабылуын сынға алды.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң мен облыстық әкімдік қаулысына сәйкес, 3 балабақша кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілді. Мұндай шешім қабылданбас бұрын бұл мәселе қалалық қоғамдық кеңесте қаралды. Облыстық білім басқармасының ресми сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында ашық байқау жарияланып, шарттары көрсетілді. Тендерді ұтып алған кәсіпкерлермен жасалған келісімшартқа сәйкес, білім беру үрдісіне енгізілетін өзгертудердің барлығы облыстық білім басқармасының қатысуынсыз  жүзеге асырылмайды. Қазақ топтарын жабу бізбен келісілмеген. Сондықтан, ондай қадамға жол бермейміз», - дейді облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Владимир Ткаченко.

Шенеунік «Ивушка» балабақшасының 1986 жылы салынғанын, содан бері ғимарат күрделі жөндеу көрмегенін тілге тиек етті. Ал «Балдаурен» және «Ақ бота» балабақшаларының ашылғанына 10 жылға жуық уақыт болған. Жиында Петропавл қалалық білім бөліміне жуырда ғана басшы қызметіне тағайындалған Сара Рамазанова да сөз алды.

«Балабақшаларды кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беріп, жақсылық жасамақ болдық. Соңы осындай дауға ұласты. Балабақшадағы қызмет құнының көтерілуіне би, логопед, ағылшын тілі сабақтары сынды қосымша қызметтер кіреді», - дейді Сара Миронқызы.

Сара Рамазанова бұған дейін Мамлют қаласында қызмет еткен. Балабақшаны сенімді басқаруға алған кәсіпкердің де аталған елдімекен тұрғыны екені көпшіліктің күмәнін туғызды. Екеуінің туыстық қатынасының бар-жоқтығы жайында қойылған сауал жауапсыз қалды.

Бұл Петропавлда балабақшаларда мемлекеттік тілде білім беру мәселесі төңірегінде туындаған жалғыз дау емес. Жуырда облыс орталығының Жас өркен ауданыдағы Жамбыл көшесіндегі жаңа үйлердің бірінде шағын орталық ашылған болатын. Оған баратын балалардың басым көпшілігі қаракөздер болса да, жұмыс істеп тұрған екі топ та орысша білім беріледі. Ата-аналардың қазақ тілінде топ ашу жөніндегі талабына қалалық білім бөлімінің мамандары сұраныс жоқтығын айтқан.

«Жас өркен ауданында мемлекеттік тілде білім беретін мектепке дейінгі мекеме жоқ. «Ашық аспан» балабақшасы ашылғанда қазақ тобы болар деп үміттендік. Онымыз еш болды. Қазір баламды басқа аудандағы бақшаға апарып жүрміз», - дейді қала тұрғыны Еркегүл Есмағұлова.

Жиын қорытындысы бойынша балабақшаны сенімді басқаруға иелік еткен кәсіпкерге  бақылауды босаңсытқаны үшін, облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімованы жауапкершілікке тарту  үшін СҚО әкім Құмар Ақсақаловқа ұсыныс жасау ұйғарылды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары