Қазақстандағы танымал театр актрисасы бақилық болды
Рымкеш Омарханова бүгін, 17 қараша күні мәңгілік сапарға аттанды
Бүгін, 2025 жылдың 17 қарашасы күні 86 жасқа қараған шағында қазақ театр өнерінің мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Рымкеш Омарханова мәңгілік сапарға аттанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаралы хабар актриса еңбек еткен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ресми парақшасында жарияланды.
«Рымкеш Омарханқызының өмірден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Рымкеш Омарханқызы - жарты ғасырдан астам уақытын ұлттық сахна өнерінің дамуына арнаған, 150-ден аса рөлді сомдап, қазақ театрының алтын қорын байытқан дара актриса. Ол Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы театрда шыңдалып, кейін елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылуына зор үлес қосты», - деп жазылған ақпаратта.
Марқұм еңбек жолында Мақпал (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»), Төлегеннің анасы («Қыз Жібек»), Мөржан (М. Әуезов «Қарагөз»), Еңлік («Еңлік–Кебек»), Таңқыбике («Түнгі сарын»), Толғанай (Ш. Айтматов «Ана–Жер–Ана»), Катерина (А. Островский «Найзағай»), Джульетта (У. Шекспир «Ромео мен Джульетта»), Биғайша (Т. Ахтанов «Күшік күйеу»), Ганна (А. Дударев «Кеш») сияқты рөлдерді сомдаған.