«Күнара той-томалақта жүреді»: Медеу Арынбаев Қайраттың қандай әнші екенін айтты
Ол Қайрат Нұртасқа фониатрға барып, дауысын емдетуге кеңес берді
Әнші Медеу Арынбаев Qazaq Airan-ға берген сұхбатында әріптесі Қайрат Нұртастың талантына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайратқа демалу керек. Қайратымыз ән айта алмайды емес, ән айта алмаса халық қабылдамайтын еді. Халық айтса, қалып айтпайды. Ол ырғақты сезінеді, өзінің ыңырсу мәнерін тауып алған. Ол қобыздың дауысы, біздің жанымызға жақын элементтер ғой», - деді Арынбаев.
Ол Қайрат Нұртасқа фониатрға барып, дауысын емдетуге кеңес берді.
«Ол күнара ән айтады, қаншама еңбек жатыр. Біз секілді айына, аптасына бір рет шықпайды. Ол күнара жол жүреді, күнара той-томалақта болады. Ол оңай дүние емес. Дауыс деген сақтануды талап етеді», - дейді әнші.
Еске сала кетейік, бұған дейін Медеу Арынбаев қызы дүниеге келгенде айтқан бір ауыз сөзі үшін әлі күнге өкінетінін айтқан болатын. Әнші екінші перзенті де ұл болады деп күтіп жүріп, қыз екенін естігенде көңілі түсіп қалғанын жасырмады.
«Сізді құттықтаймыз, қызды болдыңыз!» деп хабарлады. «Да вы что! Нормально!» деп жібердім. Сөздің ашығын айтсақ, жігіттерге екінші ұлым дүниеге келеді деп айтып қойып едім. Сол сөзімді кешіре алмаймын. Неге олай дегенімді түсінбеймін. Мүмкін балалық шығар. Осы күнге дейін қызымның бетінен сүйген сайын, құшақтаған сайын кешірім сұрап қоятыным бар», - деді өнер иесі.