Солтүстік Қазақстанда әкімдік қызметкерлері пеш жағып жүр
Солтүстік Қазақстандағы Мамлютка қаласының тұрғындары жаңадан салынған жылу қазандығының игілігін көре алмай отыр. 8 жылға созылған құрылыс биыл аяқталған болатын. Аудан әкімдігі бірнеше рет байқау жарияласа да нысанды сенімді басқаруға алып, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін компания табылмаған. Әкімдік қызметкерлері негізгі міндетін ысырып қойып, қазандықты өздері жағуға мәжүр. Өйткені іске қосылған жылыту жүйесінің жұмысы тоқтаса суықтан қатып қалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚАЗАНДЫҚ БАР, ЖЫЛУ ЖОҚ
Мамлютка қаласындағы жылыту қазандығының іргетасы 2013 жылы қаланған болатын. Созбаққа салынған құрылыс биыл жазда аяқталды. Нысан жоспар бойынша 1 қазан күні іске қосылып, бірнеше ғимаратқа жылу таратуы тиіс еді. Жоспар жүзеге аспады. Мамлют аудандық әкімдігі қазандықты сенімді басқаруға тапсыру үшін бірнеше рет байқау жариялаған. Алайда, ешкім қатыспағандықтан өтпей қалды.
«Байқау тым кеш жарияланды. Әкімдік ерте қамдануы керек еді. Қазір қазандықты ешкім өз баллансына алғысы келмей отыр. Онда жұмыс істейтін штат құрып, көмір сатып алу керек. Қызмет бағасын бекітіп, тұтынушылармен келісім шарт жасалуы тиіс. Оның барлығы жылыту маусымына дейін істелуі керек еді. Енді қазандықты ешкім алмайды», - дейді қазандық құрылысын жүргізген мердігер Евгений Лебедько.
МЕРДІГЕР ӘКІМДІКТЕН ҚЫЗМЕТ АҚЫСЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қажетті қондырғыларды орнатқан мердігер тапсырыс берушіден келісілген төлемақысын ала алмай жүр. Евгений Лебедько іске кіріспес бұрын жобаны аудандық әкімдік мақұлдаған. Келісілген сома 40 млн теңге. Кәсіпкердің құзырлы мекемеде әлі 10 млн теңгеге жуық алашағы бар.
«Мен әкімдікпен келісім жасағанда басқа әкім болатын. Жасаған жобамызды мақұлдады. Енді Владимир Лукин онымен келіспейтінін айтып отыр. Шенеуніукпен кездестім. Диалог құру мүмкін болмады. Эмоциядан басқа ештеңе жоқ. Мардымды сөз айтпады. Не айтып, не қойғанын да түсінбеймін. Электрондық акт жіберсем де, қаржы қолыма тиген жоқ. Әкімдікті сотқа беремін», - дейді Евгений Лебедько.
Ал аудан әкімі Владимир Лукиннің өз уәжі бар. Оның айтуынша қазандық тым қымбатқа түсіп тұр. Сондықтан бюджет қаражатын үнемдемек. Шенеунік те мердігермен арадағы дауды шешу үшін құзырлы органдардың көмегіне жүгінбек.
«Қазандықтың құрылысын аяқтауға сонша көп қаржы кеткен жоқ. Оның барлығын есептедік. Үнемделген қаржы аудан бюджетіне қайтарылады», - дейді Владимир Лукин.
ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ПЕШ ЖАҒЫП ЖҮР
Қазандыққа бірінші кезекте аудан әкімдігінің екі ғимараты, мектеп пен салынып жатқан көпқабатты үй қосылуы тиіс еді. Аталған нысандардың қатарынан біреуі ғана орталық жүйеден жылу алып отыр.
«Ешқандай тариф бекітілген жоқ. Бірақ жылу аздап болсын бар. Қазір күн де қатты суық болып тұрған жоқ. Бастысы тегін. Егер келісім шарт жасалса ғана ақшасын төлейміз. Әзірге ешқандай құжат көрген жоқпыз», - дейді Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есепшісі Галина Александрова.
Қазір мемлекеттік қызметшілердің бірі пеш жақса, екіншілері электр құрылғылардың көмегімен жылынуға мәжбүр. Сондай қондырғылардың бірі аудан әкімінің кабинетінде де тұр. Орталық қазандық қатып қалмауы үшін әкімдік қызметкерлері, нақтырақ айтсақ тұрғын үй комумуналдық бөлімнің жүргізушісі от жағып жүр. Ал оны қадағалау аталған бөлімнің маманына жүктеліпті. Өзі бұған ешкім мәжбүрлемегенін айтты. Жайлы да жылы көлікті түтін сасыған қазандыққа айырбастапты. Бәлкім жұмыс орнынан айрылып қалудан қорыққан болар.
«Бірнеше күн болды, осында келіп жұмыс істеп жүрмін. Қазандқты таңертеңнен кешке дейін жағамыз. Түнде сөнеді. Әйтпесе қатып қалатын түрі бар. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ», - дейді Давид Имашев.
5 қараша күні Мамлют аудандық әкімдігі қазандықты сенімді басқаруға тапсыратын кәсіпкер табу мақсатында кезекті байқау ұйымдастырды. Осы жолы да қатысушылар болған жоқ. Давидтың тағы да жолы болмады. Оған өз басының қауіпсіздігін қатерге тігіп тағы қанша уақыт қазандықта жұмыс істеуге тура келетіні белгісіз.
«Нысанды өз баллансына алатын ешкім жоқ. Әкімдік қызметкерлерінің қазандықты жағуы – қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мұнда арнайы лицензиясы бар адамдар ғана жұмыс істеуі тиіс. Давид еңбекқор жігіт екен. Қазандықты жағуды бірден үйреніп алды. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Ертең оқыс жағдай болса, кім жауап береді», - дейді Евгений Лебедько.
«Қазандықты алатын кәсіпкер табылғанша әкімдік оның жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді. Мәселе жуырда шешіледі деп ойлаймын. Жүргізушіні ешкім мәжбүрлеген жоқ. Оған осы еңбегі үшін сыйақы беріледі. Көмірді де әкімдік есебінен сатып алдық», - дейді Владислав Лукин.
Қазандыққа қосулуы тиіс нысандардың бірі – салынып жатқан көппәтерлі үй. Жақын күндері құрылысшылар ішкі әрлеуге кірісуі тиіс. Егер оған жылу берілмесе, жұмыс жаз маусымына дейін тоқтатуға тура келеді.