«Отбасын асырауға жетеді»: Ауғанстан тұрғыны 9 жасар қызын 55 жастағы ер адамға сатып жіберді
Қызын ол 2200 долларға бағалаған
Ауғанстан билігіне Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – авт.) өкілдері келгелі елдің экономикасы құлдырай түсті. Әсіресе, түрлі елдерден келетін гуманиарлық көмек шалғай аймақтардың тұрғындарына жетпей қалып жатыр. Салдарынан кедейлік кең етек жайып, жергілікті халық кішкентай қыздарын да сатуға мәжбүр. Тәліптер үкімет басына келгенге дейін Ауғанстанда қыз баланы 15 жасқа толмайынша тұрмысқа беруге болмайтын. Бірақ, қазіргі жағдайда халық аш қалмау үшін туған қызын қарияға да қия салуға дайын.
CNN ақпарат агенттігінің түсірілім тобы ауғандық отбасының 9 жастағы қызын 55-тегі ер адамға тұрмысқа сатқаны туралы репортажын ұсынды.
Тоғыз жасар Парвана Малик 55 жастағы ер адамға шамамен 2200 долларға сатылды. Дәлірек айтқанда, қыздың әкесіне мал, жер және қолма-қол ақша берілді. Алайда, қаршадай бала әкесінің бұл әрекетіне қарсылық білдірген. Ол білім алып, өскенде мұғалім болуды армандаған екен. Журналистерге берген сұхбатында 9 жастағы Парвана ауқатты кісіден қорқатынын жеткізген. Айтуынша, «ақ шашты ақсақал» оны жұмысқа жегіп, ұрып-соғуы мүмкін.
Қыздың әкесі Абдул Маликтің сөзінше, оның басқа амалы болмаған. Отбасында сегіз адам бар, барлығының жағдайын жасау соның мойнында екен. Парвананы сатқаннан кейін оның түн ұйқысы бұзылған көрінеді. Ер адам журналистердің алдында өзінің кінәсін мойындап, қызының болашағы үшін алаңдаулы екенін жеткізген.
Парвананы сатқанға дейін ол Кала-э-Нау провинциясының орталығына жұмыс іздеп барған. Тіпті туыстарынан қарыз алып, әйелі көше бойында қайыр тілеумен де айналысқан. Алайда, бұл отбасын жоқшылықтан құтқармаған екен.
Абдул Маликтің айтуынша, 9 жастағы қызын сатудан түскен ақша отбасын бірнеше ай бойы асырауға жетеді. Ауғандық азамат Парванаға дейін 12 жастағы қызын да дәл осылай сатып жіберген екен.
«Парвана арзанға сатылды, ал оның әкесі өте кедей және оған ақша керек болды. Ол менің үйімде жұмыс істейтін болады. Мен оны ұрмаймын. Мен оған отбасы мүшесі ретінде қараймын. Мен мейірімді боламын», - деді 55 жастағы азамат.