$ 535.99  626.36  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ажырасудың көбеюі демографияға қалай әсер етеді?

2018 жылы Қазақстанда ажырасқандар саны максимум межеге жеткен

Ажырасудың көбеюі демографияға қалай әсер етеді?
Фото ашық дереккөзден

Биыл бірінші жарты жылдықта елімізде 65 мыңнан астам неке тіркелсе, 9,4 мың жұп ажырасқан. Ranking.kz мәліметіне сенсек, некеге тұру мен ажырасудың басым бөлігі қалаларға тиісілі. Еліміздегі некелердің үштен бір бөлігі Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелсе, 1000 адамға шаққанда үйлену коэффициенті Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау облысында жоғары. Ал ажырасудың көрсеткіші Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстарында жоғары боп тұр. Сарапшылар өткен жылмен салыстырғанда, ажырасу көрсеткіші 2,9 процентке азайды дейді. Дегенмен, соңғы онжылдықтағы жағдайды сараптасақ, ажырасу көрсетіші жыл сайын артып отырған. Бұл өз кезегінде демографиялық ахуалға да айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Ажырасуға тілекті көп жағдайда әйелдер білдіреді...

Статистикаға сенсек, 2000 жылдары жалпы некелердің 30 проценті ажырасумен аяқталса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 процентке дейін артқан. Президенттік деңгейде көтерілген отбасылық құндылықтар мәселелері әлі де өзекті. Сарапшылар егер үйлену мен ажырасудың дәл осындай динамикасы сақталса, алдағы уақытта екінші және одан кейін туатын балалар санының да азаюына әкеп соғуы мүмкін. Ал демографияны жақсартатын үшінші, төртінші, бесінші балалар екенін ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта кері көрсеткіштер болуы ықтимал. Жоғарғы соттың мәліметінше, соңғы бес жылда ажырасуға өтініш білдіргендердің саны 2019 жылы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Бұл кезеңде 80 мыңнан астам адам сотқа некені бұзу туралы талап арыз берген. Пандемия кезінде бұл сан әлдеқайда төмендеген.

Ерлі-зайыптылар неге ажырасуға бел буады? Неге ауылдан гөрі қалаларда ажырасу оңай? Бұған әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова бірнеше себеп келтіреді: 

- Негізінен, қалада ажырасудың көп болу себебі халық санымен тікелей байланысты. Себебі елімізде халықтың 59,8 проценті қалада, 40,2 проценті ауылда тұрады. Қалада халық көп болғандықтан сәйкесінше ажырасу да көп. Екіншіден, қала халқының номиналды табысы, ақшалай кірісі ауылға қарағанда қалада көп болғанымен, қалада әлеуметтік проблемалар көбірек. Яғни, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тамағы, айлық шығысы, баспанамен қамтамасыз етілуі ауылға қарағанда қалада күрделі. Яғни, әлеуметтік тұрғыдан қалада отбасы әрең күнелтеді. Бір жағынан, осындай тұрмыстық түйткілдер де отбасының ажырасуына себеп болады. Үшіншіден, құндылық факторы. Әлеуметтік институттар қалалық жерде өзінің бақылауын жасамайды. Ал ауылдық жерлерде отбасының ажырасу-ажыраспауына ағайын туыс, бауыр, «ұят болады» деген ұғымдар өз ықпалын жасайды.

Әлеуметтанушының айтуынша, ажырасуға тілек білдіретін тарап – көбіне әйелдер. Мысалы, сотқа ажырасу туралы арыз жазатындардың 60 проценті әйелдер екен. Олар балаға заңды түрде алимент төлету, болашағын қамтамасыз ету мақсатында сондай қадамға барады.  

- Әйелдердің ажырасуға ниет білдіруінің астарында тек өзін емес, ең алдымен балаларын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету себебі жатыр деп ойлаймын. Ал шаңырақтың шайқалуына отбасындағы ер мен әйелдің жауапкершілігі бірдей. Бұған тек әйел себепші деуге болмас. «Әйел қиындыққа шыдамайды» дегенге келсек, бұл жерде сол қиындықты туғызуға әйел де, ер де бірдей себепші. Қандай қиындықтар кездесуі мүмкін? Зерттеулер бойынша, әлеуметтік, экономикалық, психологиялық факторлар, құндылық факторлары деп бөлінеді. Яғни, ең алдымен отбасының материалдық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, баспананың болу-болмауы кей жағдайда ажырасуға әсер етеді, - дейді Айсұлу Молдабекова.

Маманның пайымынша, әлеуметтік сауалнамаларда ажырасуға себеп ретінде көп жұп мінездің келіспеуін келтіреді екен. Бала, отбасы деген ұғымдар ешқашан құндылықтар иерархиясынан түспеген. Бірақ, оның құндылығын күнделікті өмірде көпшілік сезінбейді. Сондықтан отбасындағы әлеуметтік-экономикалық фонның жақсы болуы және психологиялық көңіл-күйдің тұрақты болуына ер мен әйел бірдей жауапты, - дейді әлеуметтанушы. Бұл жерде әйел не ер қиындыққа төзуші, бәріне шыдап жүретін жәбірленуші ретінде қарастырылатын одақ бақытты болмайды әрі ұзаққа бармайды. Отбасының ажыраспауына тек әйелдің төзіп-төзбеуі, шыдау-шыдамауы ғана емес, осындай объективті жағдайлар себеп болады. Әйелдің арыз жазуы не ажырасуға себепші болуы жағдайдың салдары ғана.

«Талақ» деп оңай ажырасатындарға тоқтау бола ма?

Осы күнге дейін қазнет пен баспасөз беттерінде 4-5 рет, тіпті одан да көп некеде болып, аз уақыт ішінде «талақ» сөзін әркімнен есітіп, бала-шағасымен далада қалған қыз-келіншектер туралы мақалалар қоғамды дүр сілкіндірген еді. Мамандар мұны теріс ағым өкілдерінің шариғатты бұрмалап, жас қыз-келіншектердің дінді білместіктен, сауатсыздықтан осындай жағдайға душар болғанын айтып-ақ келеді. Бұл проблеманың барын діни басқарма мамандары да біледі. Бұл орайда биыл ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Оның ішінде жат ағымдармен күрестен бөлек, дін мен дәстүр бағытында жобалар қолға алынып жатыр. ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта республика бойынша мұсылманша неке мен ажырасудың статистикасы нақты жүргізіле бастады. Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл:

- Біз «Шаңырақ шайқалмасын» жобасы бойынша мешіттерден үш мәлімет алып жатырмыз. Оның ішінде барлық облыс, өңірлерде тіркелген некелер санын анықтаймыз. Негізінен, некелер АХАТ бөлімдерінде тіркелсе де, кейбір мұсылмандар онда тіркеуден өтпей, мешіттен некелерін қиып, шаңырақ көтеріп жатыр. Сондықтан АХАТ бен мешітте тіркелетін некелердің статистикасы сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, оңтүстүкте имамдарды үйге шақырып некесін қидыртып жатады. Сонымен қатар, некесін ресми тіркемей, мешіттен некесін қимай азаматтық некеде жүргендер де бар, - дейді.

ҚМДБ өкілінің айтуынша, екі жылдан бері ажырасуға қатысты мәлімет те жинақталып жатыр екен.

-  Жалпы, арыз, шағымдар бізде қарастырылады. Мәселен, ислам дінінде ажырасу мәселесі өзгеше. Шариғатпен ажырасуға келсек, ер адам әйелге рұқсат береді немесе отбасында ашумен ер азамат талақ деп айтып, некені бұзып жіберуі де мүмкін. Бірақ артынан өкініп, «бізге шариғи тұрғыдан осыны шешіп берсеңіздер екен» деп келетіндер бар. Бұрын бұл мәселе діни басқармада қарастырылмайтын еді. Бірақ әркім әртүрлі пәтуа айтып, отбасылық мәселелер жарияланып кетті. Бұл отбасылық тағдыр қарастырылып жатқан үлкен мәселе ғой. Оның үстіне арадағы балаларды ойлау керек. Сондықтан діни басқарма араласуы керек деген мақсатта облыста жауапты мамандарымыз бар. Қай облыста осындай жағдай болса, ол кісілер имамға жолығады да, үйде болған жағдайды жазбаша жібереді. Ал бұл мәселе Шариғат және пәтуа бөлімінде қаралады. Біз ерлі–зайыптыларды барынша табыстыруға тырысамыз, шариғаттағы ең оңтайлы жолдарын қарастырамыз. Бұл жердегі мақсат – отбасын ажырастыру емес, тетігін тауып жарастыру, - дейді, Хасан Аманқұл.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова мешіттерде неке куәлігінсіз неке қиылмайтынын растайды. Бірақ аймақтардағы жағдайды бақылау қиын.

- Өкінішке қарай, аймақтарда некені қия береді және ешқандай тіркеу жүргізілмейтін кездер де болады. Еліміздегі мешіттер ҚМДБ-ға қарағандықтан, негізі статистика жүргізуге болады ғой. Мешіттерде берілетін неке куәлігінің статистикасын жасап, қатаң тіркеп отыру керек. Неке куәлігінсіз қимауы керек. Бұл тұрғыдан сапалық зерттеу жасауға болады. Ондай мемлекеттік тапсырыс қазірше жоқ. Бәлкім, Дін істері комитеті ҮЕҰ мен әлеуметтік зерттеу орталықтарына тапсырыс берсе, шынайы жағдайды анықтауға болар, - дейді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін діни басқарма мешітте неке қидыру үшін АХАТ бөлімінің неке куәлігін, ата-ананың рұқсатын да талап ете бастаған еді. Бірақ мұндай некені тек мешіттерде ғана емес, кез келген таза жерде қиюға рұқсат барын ескерсек, бұл жердегі үйлену-ажырасу фактілерінің нақты статистикасын, теріс ағымдардың жастарға ықпалын анықтау қаншалықты мүмкін? «Неке және отбасы туралы» кодекске діни және басқа да ұстанымдарды реттеу үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек пе? Бұл қоғамда кеңінен талқылануы тиіс өзекті мәселе боп тұр.

Серіктес жаңалықтары