$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2021, 18:56
Қоғам

АШМ субсидия қаражатын жымқырған 30 қызметкерге қатысты түсініктеме берді

Министрлік салада жемқорлықтың барын жасырмайды

АШМ субсидия қаражатын жымқырған 30 қызметкерге қатысты түсініктеме берді
Фото ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы минисрлігі субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырған 30 қызметкердің ұсталғаны туралы ақпаратты растады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Таяуда 30 адам субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Қазақстанның екі қаласы мен 7 өңірінде қылмыстық топтарды анықтаған. Осы мәселеге қатысты бүгін Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков БАҚ өкілдеріне түсініктеме берді.

«Ауыл шаруашылығының жаңа министрімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысы тамыз айында кездесу өткізіп, субсидия бөлуге қатысты мәселені талқылады. Біздің министрлік бұл бастаманы іске асыруға дайын. 30 адамның нақты қызметіне қатысты құқық қорғау органдары айтады. Біз тек бұл ақпаратты жоққа шығармаймыз. Менің білетінім БАҚ-та жарияланған ақпарат қана, біз де әлеуметтік желіден оқимыз», ˗ дейді министрдің кеңесшісі.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша кем-кетік тұстардың барын жасырмайды.

«2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасын іске асыру кезінде субсидия көлемі республика бойынша 3,5 млрд теңге болатын. 2018-2019 жылдары оның мөлшері 350 млрд теңге болды. Экономика дамыған сайын ауыл шаруашылығына мемлекеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Бірақ әңгіме соның қаншалықты тиімді жұмсалуында болып отыр. Ереже мен заң жобаларында жетіспейтін тұстардың салдарынан жемқорлыққа жағдай жасалып отыр. Одан бөлек, субсидияның түрі көбейгені соншалық, шаруалардың өзі шатасып кетті. Бұған дейін субсидияның 135 түрі болса, кейін ықшамдай келіп 64 түрі қалды. Дамыған елдерде оның саны мүлде аз. Ең алдымен қазір, шаруаларға арзан несие керек. Банк беретін несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 17 пайыз болса, мемлекеттің субсидиясы арқылы оны 4 пайызбен беруге болады. Басқа жолы жоқ», ˗ дейді Төлеутай Рахымбеков.

Министрлік жанынан құрылған жұмыс тобы асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жұмыс жүргізілуде. Тиісті заң жобасы қазір Парламент Мәжілісінің қарауында.

Белгілі болғандай, дәл қазір Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев АҚШ-та іс-сапарда жүр.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары