ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 967 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

«50 мыңнан бердік»: Алматы облысында СЭБ басқармасының ұсынысымен мектеп директорлары жаппай ақша жинап жатыр

Отыздан астам директор ақша беріп үлгерген

Фотоколлаж

Алматы облысындағы Кербұлақ ауданында мектеп директорлары оқу жылы аяқталғанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың тізімі енгізілген құжатты жаппай сатып алып жатыр. Жазғы демалыс басталып кетсе де, Кербұлақ аудандық санитарлық бақылау басқармасы директорларға семинар өткізіп, «Өзіндік бақылау» атты құжаттың мектепте тұруын талап еткен. Тіпті, 4-5 беттік кітапшаны жасайтын адамды ұсынып, байланыстырып берген. Қомақты айыппұлдан қорыққан мектеп директорлары әлгі құжатқа жаппай тапсырыс беріп, сатып алуға көшкен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бір қызығы, мсектептің атауына байланысты кітапшаның тек сыртқы мұқабасы ғана өзгертіліп, 50-ден астам мектепке арналып басылған. Ішкі беттері өзгеріссіз қала берген. Оның дұрыс немесе бұрыс жасалғанын ұсыныс айтқандар да, аудандық білім бөліміндегілер де білмейді. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағы басшының сөзінше, пандмеия уақытында да, жай уақытта да «Өзіндік бақылау» бағдарламасы мектепте тұруы тиіс болған. Алайда, тексеріс жүргізген СЭБ басқармасы бірнеше беттік әлгі жиынтық құжатты ешбір мектептен таппаған соң, «амал жоқ» жиын өткізіпті.

«Өндірістік бақылау» бағдарламасы мектептерге СЭБ басқармасы тарапынан тексеру барысында қажет екен. Осы бағдарлама бойынша СЭБ басқармасы тарапынан жиналыс болды. Жиналыс барысында басшылыққа алынатын құжаттар тізбесі айтылды. Оны ақылы түрде жасап беретін адамдардың барын, ол құжат мектепте тұрмаса директорларға айыппұл салынатыны ескертілді. Әлгі ақылы қызметтің құны 40 мың теңгеден басталады екен. Мектеп директорларына ақша жинатуға басқа органдардың құзіреті бар ма? СЭС тарапынан құжат жасатайық деген ұсыныс айтылды. Білім бөлімі тарапынан бұйрық болмаса да басқа құзырлы органдар өз өктемдігін көрсетіп, мектептен ақша жината бере ме? Бұл ақылға қонбайды», - дейді заңсыздыққа қарсы шыққан директордың бірі Күнсұлу Мүлкібаева.

Кербұлақ ауданында 52 мектеп бар. Оқу орны жанында шағын орталық, яғни балабақшасы қоса орналасқан мекемелердің директорлары 50 мың теңгеден, балабақшасы жоқ оқу орындарының басшылары 40 мың теңгеден СЭБ басқармасы тауып берген жігіттің есеп-шотына аударған. Ал, басқарма басшысының талабын түсінбеген директорлардың көбі ақылы қызмет түріне келісе салған.

«Бұл бағдарламаны жасаудың алгоритмі берілмеді. Нақты қандай шаралардың қамтылуы айтылмады. Сол себепті біз ауданның директорлар қауымы осы бағдарламаны сатып алуға мәжбүр болдық. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны жасаушы тұлға өз жұмысын қымбатқа бағалағаны көрініп тұр. Ешқандай авторлық жазбаны қамтымай, тек санитарлық эпидемиологиялық талаптарды ғана тізіп шыққан. «Өндірістік бақылау» бағдарламасына санитарлық эпидемиологиялық талаптардың қандай түрі жазылуы қажет екені айтылса, біз өзіміз жасап алатын едік. Бізге білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушысы Г.Сағатовадан да нақты бағыт-бағдар берілмеді. Тек мектепте аталған бағдарламаның болуы тиіс деп салғырттық танытты. Мектептің құжаты болғандықтан түсіндірме жұмыстарын білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылуы қажет еді деп санаймын. Бағдарлама бойынша барлық міндеттерді СЭБ тарапына аударып отыр. Біздің басшымыз кім сонда? Біз кімге мойынұсынамыз?», - делінген бір топ директордың атынан келген шағым хатта.

«40 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ...»

Ақша жинауға келгенде директорлардың пікірі екіге жарылған. Бірінші тарап СЭБ басқармасы тапсырмасын бұлжытпай орындап, кітапшаны жасаған адамға дереу ақша аударса, екіншілері бұл бастамаға қарсы шыққандар. Аудандағы 52 мектептің 30-дан астамы әлгі құжатты ақылы түрде жасатуға тапсырыс беруге мәжбүр болған. Бірақ, жасатқан құжаттары дұрыс болмай шыққан.

«Өзіндік бақылау» құжатын ақылы түрде жасаттым, бірақ қолыма алмадым. Оны жасайтын жігітті бетпе-бет танымаймын, ZOOM арқылы конференцияға қатысқанда көрдім», - деді Сарыөзек кентіндегі №49 мектептің директоры Айман Мелісқызы.

Тағы бір директор СЭБ басқармасы тауып берген жігіттің банктік картасына 40 мың теңге аударғанын айтып отыр. Бірақ, кітапша қате жазылған деп, берген ақшасы үшін өкініп отыр.

«Небәрі 5-6 беттік кітапша. Сол үшін 40 мың теңгені СЭББ тауып берген Әли деген баланың карточкасына аударып жібергем. Енді сол тазалық туралы құжат қате жасалыпты, дұрыс емес деп жатыр. Ақша далаға кетті. Бұған дейін мұндай кітапшаны, құжатты бізден ешкім талап етпеген», - деді Алтынемел ауылдық мектебінің директоры Әсет Қыстаубаев.

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНА САЛЫНАТЫН АЙЫППҰЛ КӨЛЕМІ - 670 МЫҢ ТЕҢГЕ

Айыппұлмен үркітіп үйренген СЭББ білім ошақтарын жазалауды тоқтатпаған. Тек биылдың 6 айында білім мекемелеріне 13,8 миллион теңгенің айыппұлын жазып берген. Әкімшілік кодекстің 425-бабын басшылыққа алған Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қажетті құжаттарды қамтамасыз етпеген жеке тұлғаға – 30 АЕК (87 мың теңге), заңды тұлға болса – 230 АЕК (670 мың теңге) көлемінде айыппұл салған. Оқу орнының директоры заңды тұға саналады. Аудандық СЭБ отызға жуық мектепті тексергенмен, ешбіріннен әлгі тазалық нормаларының жиынтығы туралы құжатты кездестіремеген.

«Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi №360-VI ҚРЗ кодексі бар. Сосын №239 бұйрық бар. Бұл құжаттар солардың негізінде жасалуы тиіс. Біз мектептерге бір ай бұрын ескерткен соң ғана барып тексереміз. Біз әлгі құжатты жасаған жігіттің бағдарламасын көрген жоқпыз. Дұрыс немесе қате екенін кейін тексереміз.

Бұл карантин кезінде ғана ойлап табылған дүние емес, жай уақытта да тұруы тиіс. Онда санитарлық нормалардың жиынтығы қамтылады. Бәлен бет болу керек немесе осындай сөздер міндетті түрде тұру керек деген оның қатып қалған қағидасы да жоқ. Ең бастысы, біз сұрайтын сұрақтардың жауабы қамтылуы тиіс. Қамтылмаса жауапты адамға айыппұл салынады. Бірінші жетекшіні жазалаймыз.

27 метептті тексердік, құжаттары жоқ болған соң ескерту бердік. Санитарлық нормалардың жиынтығын жасай алмаймыз деген соң Алматыдан Әли деген жігітті ұсындым», - деді Кербұлақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Амербеков.

«ДИРЕКТОРЛАР ЕРІНШЕК, ҚАБІЛЕТСІЗ...»

Аудандық білім бөліміне тұрақты басшы әлі тағайындалмаған. Бөлімді 7 айдан бері Гүлжанат Сағатова уақытша басқарып келеді. Оның айтуынша, мектеп директорлары жасайтын және өткізетін құжаттары аз емес. Жалақылары 230-240 мың теңгенің айналасында. Бір құжатқа бола 40-50 мың теңгені өз қалталарынан шығара берсе, отбасын асырауға мүмкіндігі болмайды. Талап еткен әр құжатты өзгелерден сатып ала беретіндей мектеп те олардың меншігі емес. Сағатованың сөзінше, санитарлық талаптың сақталуы туралы қарапайым ережелер жиынтығын құрастыра алмауынан олардың қабілетсіз және еріншек екенін ұғуға болады.

«Өзіндік бақылауды» әркім өзінің мектебіне қарай құрастырып алу керек еді. Кейбірінде тамақтану орны бар, кейбірінде жоқ. Сондай түрлі жағдайларды әр директор ескере отырып жасайды. Директорлар еріншек, қабілеті жетпейді. Өздері жасауы тиіс дүниені сатып ала салуы дұрыс емес. Директорлардың көбі бұйрықты ашып оқымаған. Өздері түсінбесе де сатып ала салған. Олардың ақша жинағаны рас. Маған ескертпей сырттан адам тауып, оның директорлардан табыс табуына мүмкіндік жасаған аудандық СЭБ басқармасы.

Панфилов атындағы мектептің директоры егде жастағы үлкен адам. «Серік аға, өздеріңіз-ақ істейтін нәрсені неге сатып аласыздар? Жаппай ақша жинап, мыналарыңыз не?» десем, «Өзім білем, тапсырманы орындасам болды емес пе?» деді. Ескі жүйеден арылу керек. Ақша жинап бере салу дегенді тоқтататын уақыт әлдеқашан өткен. Былай қарасаң заңсыздық жоқ сияқты. Алайда, айлықтарынан мемлекеттік мекеменің құжатына бола сонша ақшаны жинап бере салудың астарынан көп нәрсені ұғуға болады.

Мен ақша аударған басшылардан түсініктеме алам. Баяғымен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Заң жиі өзгеріп жатыр. Қит етсе ақша жинауды тоқтататын уақыт әлдеқашан келді. Бұл шулы жағдай облысқа жетіп, ондағы бастықтар тоқтатыңдар десе де, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ», - деді Кербұлақ ауданы Білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжанат Сағатова.

Ал айналдырған 5 беттік анықтаманы жалқау директорларға сатып, қыруар пайда тапқан алматылық жас жігіт ақшаны қайтарудан бас тартты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы