Алматыда шетелдік жұмысшыларды заңсыз пайдаланғаны үшін 14 қазақстандық жазаланды
Ондаған адам елден шығарылды

Алматы полицейлері 7 маусымнан бастап «Келімсек» республикалық жедел-алдын-алу іс-шарасын өткізуді бастаған болатын. Екі күн ішінде тәртіп сақшылары ондаған заңсыздықты анықтап, 24 адамды шекарадан шығарды деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған шара ел аумағына келген шетелдіктердің елімізде болу ережелерін сақтауын қадағалауға бағытталған.
«Іс-шараның екінші күнінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 364 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 205-і Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған шетелдік азаматтар. Сот шешімімен 24 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сонымен қатар, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін қабылдаушы 145 адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 14 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды», - деді, Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Айта кетейік, «Келімсек» іс-шарасы 16 маусымға дейін жалғасады.