«Маса мазаны қашырды»: елордада қансорғыш жәндіктермен күрес күзге дейін жалғасады
Қазақстанда масаның 50-ден астам түрі бар. Оның 6 түрі безгек ауруын таратады
Биыл еліміздің солтүстік өңірлерінде маса ерекше көп. Жергілікті тұрғындар қансорғыш жәндіктерден қалай зардап шегіп жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісуде. Әсіресе, СҚО мен Павлодар облысында жағдай мүшкіл. Елордада да тұрғындар масаның көптігіне жиі шағымданады.
Масамен күресті жергілікті әкімдіктер жыл сайын жүргізеді. Астанада бұл жұмыстар екі кезеңде: көктемде 17 сәуірден 15 мамырға дейін және күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта атқарылады. Мамандар қалада масаның көп болуын сулы-батпақты, қамысты жерлердің көп болуымен түсіндіреді.
Биыл 20 сәуірден бастап аудандық әкімдіктер ашық станцияларда, сондай-ақ таяз су қоймаларында масалар мен өзге де қансорғыш жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстарын бастады. Бүгінгі күні таяз су қоймаларын өңдеудің бірінші кезеңі толығымен аяқталып, жалпы ауданы 8914,5 га ашық станцияларға өңдеу жүргізілген. Мамырдың үшінші онкүндігінен бастап дезинсекцияның екінші кезеңін өткізу үшін қала аумағын энтомологиялық зерттеу басталады.
Қала әкімдігі масалардың көбею орталығы саналатын қамыс пен қалың шөпті жерлерге арнайы инсектицидтер (химиялық препарат) арқылы қорғаныс жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«Қамыс пен қалың шөп ересек масалардың қыстайтын және паналайтын орны. Қала шетінде мұндай өсімдіктер өте көп. Жәндіктердің елордаға ұшып келуіне жол бермеу үшін өсімдіктерді инсектицидтермен, яғни арнайы химиялық препараттармен улау жұмыстары жүргізіледі. Қазір қамысты жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы 630 га шабылды және осы 1315 га шабындық бойынша жұмыстар жоспарланған.
Су айдындарымен қатар үй-жайлардағы жертөле де масаның көбеюіне себеп болады. Сондықтан көпқабатты тұрғын үй жертөлелерінің жағдайы қадағалауы керек. 12 мамырдағы жағдай бойынша дезинсекцияға 403 пәтер иелерінің кооперативімен келісім жасалды. Масаларға қарсы өңдеу жүргізу кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті талаптар сақталады», - делінген әкімшіліктің берген ақпаратында.
«Масаны толық жоюып жіберуге болмайды…»
Биология ғылымдарының кандидаты, биолог Мұхтар Байжанов масалардың табиғаттағы рөлі ерекше екенін айтады. Оларды толығымен жойып жіберуге мүлде болмайды, масалар жойылса табиғи цикл бұзылады дейді ол.
«Табиғатта ештеңе жайдан-жай жаралмайды. Масалар табиғатта өсе ұсақ, майда өсімдіктердің тозаңдатқышы болып табылады. Сонымен қатар, маса 200-ден астам құстың қорегі. Шалшық су мен таяз жерде жүретін ұсақ балықтар да масамен қоректенеді. Масаны табиғаттан мүлдем жоқ қылып жіберетіндей жағдай жасалса, табиғаттағы цикл бұзылады. Өсімдіктер жойылып, құстар мен балықтар қырылып қалады.
Қазақстан аумағында масалардың 50-ден астам түрі бар. Оның ішінде безгек ауруын тарататын масаның 6 түрі мен түршесі кездеседі. Көктем келіп, су температурасы 15 градустан жоғарылаған кезде жұмыртқалардан бірінші сатыдағы дернәсілдер шыға бастайды. Екі аптаның ішінде төрт сатыдан куыршақ дәрежесінде өтіп, 20 күннен кейін жұмыртқадан үлкен маса өсіп шығады», - дейді биолог.
Ол масаның ауру тарататын түрлерінің аса қауіпті екенін айтты. Әсіресе, жыл он екі ай жаз болып тұратын аймақтарда масаның түрі жылдам көбейіп, тұрғындарға қауіп төндіреді.
«Маса көктем келіп, жаңбыр жауғаннан бастап адамарға тыныштық бермейді. Демалдырмайды, жұмыс істетпейді. Малдардың дұрыс жайылып, жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, маса көптеген аурудың таратушысы. Безгек ауруы яғни, ғылыми түрде малярия деп аталады. Ол өте жаман ауру. Африка, Латын Америка елдерінде қыстың болмауына байланысты масалар жыл айналымы бойынша өсіп-өніп, жергілікті тұрғындарға көп зиян келтіреді. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Афирка, Үндістан және Оңтүстік Азия елдерінде бір жылда 500 мыңнан астам адам осы маляриядан қайтыс болады екен.
Малярияның өршіп тұрған кезеңі Кеңес үкіметінің уақытында болды. Онымен күресу жолында ДДТ деген химиялық пепарат қолданылған болатын. Адам арасында болмағанымен жалпы табиғатта таратушылары кездеседі. Мысалы, Үндістан жақтан безгек ауруын тарататын маса шаққан адам біздің жаққа жұмыс бабымен немесе туристік бағытта келіп, оны басқа масалар шақса, адам қанындағы қоздырғыш масаға өтіп, ол кейін безгек ауруын таратады. Осылайша, ауру адамнан сау адамға тарайды», - дейді ол.
Масалардың өмір сүру кезеңі бойынша дерек әртүрлі. Біреулер бір жұмыртқадан шыққан маса бір ай көлемінде өмір сүріп, бір айдың ішінде шағылысып, жұмыртқа қалдырады десе, біреулер үш-төрт айға дейін барады деген деректерді айтады.
«Масалар көктемнен бастап, күздің суығына дейін батпақты жерлерде су температурасы 10 градустан төмен түскенге дейін өсіп-өне береді. Олар сулы жерде жұмыртқа тастап, жаппай көбейеді. Табиғаттан бейімделіп қала жағдайында құбыры нашар ескі үйлердің жертөлесінде көбейеді. Көпқабатты үйдегі адамдар жуынған лас қалдық суға қонған маса аяғы немесе қанаты арқылы сыртқы белгілермен ауру таратуы әбден мүмкін», - дейді Мұхтар Байжанов.
Маман жәндікті улау кезінде химиялық препараттарды масаның негізгі көбею орталықтарына себу қиын екенін айтады. Себебі, масаға арналған у өсімдіктерге, судағы балықтар мен басқа да жәндіктерге зиян келтіреді. Улау барысында тірі қалып қойған бір масаның өзі 500 немесе одан да жоғары жұмыртқа тастайды. Сондықтан масаны улау барысында қоршаған ортаға зиян келмейтін жолдарды қарастыру керек дейді ол.
«Масамен күресу жолдары көбіне химиялық жолдармен улы заттарды шашу арқылы болады. Химиялық улы заттарды суға немесе өсімдіктер өсіп тұрған жерге шаша алмайсыз. Суға, шөпке түскен соң жайылатын мал арқылы, жүрген адам арқылы құстарға, балықтарға зиян келеді. Осылайша, масаның негізгі орталықтары уланбай қалады. Масаны улау барысында табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келмейтіндей жолдарды қарастыру керек. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріне жеке дара ғана ауру туғызатын билогиялық әдіс табу керек.
1980 жылы масаларды жаппай қырған бактерия табылған болатын. Адамдар су бетінде қырылып қалған масалардың дернәсілін көреді. Тексеру барысында бұған себеп болған арнайы бактерия табылған. Соның негізінде масаға қарсы түрлі биологиялық препараттар жасалды. Олардың түрлі аттары бар және әр елде әрқалай айтылады. Сол препарат масаның дернәсіліне ғана әсер етіп, қалған басқа жәндіктерге еш әсер бермейді. Себебі, дернәсілдің ішінде масаға тән арнайы фермент бар. Сондай әдістерді қолдану керек. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, оларды толық жойып жіберуге тағы болмайды. Масаның тек ұрғашысы ғана шағады. Еркегі өсімдіктердің шырынымен қоректенеді. Олар адамды қызық қуғаннан шақпайды, ұрық қалдыру үшін міндетті түрде қан ішу керек. Онсыз ұрық жалғаспайды. Сондықтан олар адам және жануарлармен тығыз байланыста. Іздеп, қалмай жүріп шағатыны содан», - дейді Мұхтар Байжанов.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан