Шымкентте мемлекеттік емхана басшылығы ондаған қызметкерді ескертусіз басқа жұмысқа ауыстырып жіберген
Ақхалаттылар шу шығарды
Шымкенттегі емханалардың бірінің бір топ қызметкері басшылықтан: «жұмыстан боссыңдар» деген хабарлама алған. Мемлекеттік емхана ұжымының біраз бөлігін жекеменшік мекемеге ауыстырылатыны кеш ескертілген деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қызылжар шағын ауданындағы №9 емханада ұзын саны 60 адам «күніміз не болмақ» деп сары уайымға салынды. Емханадағылар 25 мамыр күні шыққан қаулы бізге бүгін ғана жария болды десіп шуласты. Яғни, басшылық оларды жекеменшік емханаға ауыстырып жіберген. Мамандар болса жекенің қолында жұмыс істеуге үзілді-кесілді қарсы.
«Бізден рұқсат сұрамай медикалық орталыққа ауыстырып жатыр. Жекеменшік емхана болғаннан кейін ол бізге мемлекеттік статус бермейді. Екіншіден, ол жерде бізді ертең жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін», - дейді дәрігер Гүлзар Атажанова.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болса, бұл ұжым отырған ғимарат ескі екенін, тіпті құрал-жабдықтары да түгел емес екенін дәйек қылды. Жақын маңнан заманауи емхана салынғалы жатқанын, емхана қызметкерлерін сонда ауыстыруды жоспарлап отырғандарын айтты.
«Мұндай жобаны 2018 жылдан бері жүзеге асырып келеміз. Ешкім жұмыссыз қалмайды. Халыққа да медициналық қызмет тегін көрсетіледі», - деп ағынан жарылды қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.