$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.06.2021, 01:54
Қоғам

«Сапасыз жолды қалай ақылы қыламыз»: еліміздің 9 өңірінде жүргізушілер бас көтерді

Бүгіннен бастап Қазақстандағы ақылы жолдардың қатары артты

«Сапасыз жолды қалай ақылы қыламыз»: еліміздің 9 өңірінде жүргізушілер бас көтерді
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның тоғыз бірдей аймағында жүк көлігінің жүргізушілері наразылық акцияларын өткізді деп хабарлайды Хабар-24. Олар жолдар ақылы болғанымен, оның сапасы сын көтермейді деп шағымданды. Жүк көліктері әр шақырым үшін 5-25 теңге аралығында ақша төлеуі тиіс. Кей аймақтарда төлем 37 теңгеге дейін жеткен көрінеді.

Шымкенттік жүргізушілер Ресей мен Еуропа елдерін мысалға келтіріп, жауапты мекемелерден таңдау мүмкіндігін ұсынуды сұрады. Егер жол сапасы сын көтермейтіндей болса, онда төлем алынбасын дейді. Сондай-ақ, олар жүк көліктері үшін 37 теңге мөлшерінде бекітілгелі отырған тарифке де қарсы.

«Жол деген тегіс болуы керек. Соған төлеуге болады. Мынау Темірлан көпірінің үстінен өтем дегенше машинаң шашылып қалады. Осында жиналған жігіттердің барлығы бүкіл әлемді аралап жүрген жігіттер. Қай жерде қандай жол бар, қай елде қалай төлейді бәрін біледі», - дейді шымкенттік жүргізуші Орынбасар Мырзаев.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері болса тарифті қайта қарап, басшылықпен тағы ақылдасамыз деп уәде берді.

Енгізілгелі отырған ақылы жүйеге атыраулық жүргізушілер де қарсы шықты. Мұнда да жол сапасының белгіленген төлемге сай келмейтіні жөнінде көп айтылды. Ал жергілікті әкімдік өкілдері сапасыз аумақтар әзірге тегін болатынын айтады. Айтпақшы, олар аймақтағы жолдың 60 проценті қанағаттанарлық дейді. Ал, көлік жүргізушілері мұның өтірік екенін айтты.

Ал алматылық наразы топ Алматы – Нұр-Сұлтан тасжолының бойында, Қаскелең көпірінің тұсында жиналды. 100-ге жуық жүргізуші ақылы жүйеге қарсы екенін айтады. Оған жол бойында көлік жөндейтін орындардың аздығы, сапаның нашарлығы және күтімге жауаптылардың өз міндетіне салғырт қарауы себеп болып отырған көрінеді.

«ҚазАвтоЖол» өкілінің айтуынша, бұл келіссөздер 2 аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Ал, ақтаулық жүргізушілер өз талаптары орындалмаса, наразылық акциясын 10 күнге дейін жалғастырамыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары