Елімізде соңғы 3 жылда менингиттен 12 бала көз жұмған: қауіпті аурудан қалай қорғану керек?
Дәрігер кеңесі

Жаз мезгілі тек қолайлы ауа райымен емес, түрлі инфекциялық аурулармен бірге келетінін ұмытпауымыз керек. Қыс бойы сағына күткен жеміс-жидек пен көкөністер, тіпті шомылу маусымы да бізді, әсіресе балаларды қауіпті жұқпалы, созылмалы ауруларға шалдықтыруы мүмкін. Олардың қатарында асқазан-ішек аурулары, менингит, аллергия және ЖРВИ де бар. Бұлардың алдын алмаса немесе уақытылы емдемесе салдары ауыр болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, елімізде соңғы 3 жылда менингококтық инфекция салдарынан 14 жасқа дейінгі балалар арасында 12 өлім жағдайы тіркелген.
2018 жылы – 39 бала ауырып, 5-і көз жұмған
2019 жылы – 42 бала ауырып, 3-і көз жұмған
2020 жылы – 24 бала ауырып, 4-і көз жұмған.
Биыл Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шомылу маусымы ерте басталып кетті. Базарлар мен дүкен сөрелерінде де жеміс-жидектің түр-түрі самсып тұр. Сондықтан, дәрігерлер ата-аналардан бала денсаулығына бей-жай қарамауын сұрайды. Коронавирустық инфекциядан ғана қорғанбай, маусымдық ауруларды ұмытпауымыз керек дейді мамандар.
Ендеше, ата-ана маусымдық аурулардың алдын алу үшін нені ескеруі керек? Бала ауырған жағдайда оны ерте кезеңде қалай анықтауға болады? Бұл сұрақтардың жауабын елордадағы №1 Қалалық балалар ауруханасының дәрігері, медициналық қызметтер мен жедел жәрдем сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары Динат Қожекеновтен сұрап білдік.
Дәрігердің сөзінше, қыстан шыққан кез келген адамның ағзасы белгілі бір деңгейде әлсірейді, яғни иммунитет төмендейді. Ересектерде бұл процесс көп жағдайда салдарсыз өтсе, балалар асқазан-ішек ауруларына, аллергияға, ЖРВИ, тіпті менингитке шалдығып жатады. Бұл ауру түрлерінің кейбірі ерте көктемде басталса, менингит әсіресе жазда қозады.
«Бұл аурулар дене қорғанысының төмендеуінен болады. Иммундық жүйенің төмендеуіне әкелетін бірнеше фактор бар: қыста балалар денесіндегі иммунитет қоры таусылады және осы уақыт аралығында жеміс пен көкөністер дәрумен мен энергия құндылығын жоғалады. Қыстыгүні балалар далаға аз шығады және біздің аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты балаларда Д дәрумені жетіспейді. Ал, көктемде атмосфералық қысымның күрт ауытқуы, сондай-ақ температураның күрт өзгеруі байқалады. Көктемгі витамин тапшылығы, баланың иммунитетінің уақытша төмендеуіне әкеледі және әртүрлі созылмалы аурулардың өршуіне себеп болады», - дейді дәрігер Д.Қожекенов.
АСҚАЗАН-ІШЕК АУРУЛАРЫНЫҢ ҚАУПІ ЖӘНЕ ОДАН ҚОРҒАНУ
Дәрігер маусымдық аурулардың ішінде асқазан-ішек аурулары жоғары қарқынмен тарайтынын айтады. Әсіресе көктем айларында ол 90 пайыз ықтималдықпен қозады.
«Асқазан-ішек ауруларының асқынуы аш қарынға эпигастрий аймағындағы ауырсыну (аштық сезімі), ауырлық, жүрек айну, құсу, ауыздан жағымсыз иіс шығу, нәжістің бұзылуы, тілде ақ дақтардың пайда болуынан білінеді. Балаларда асқазан жарасының асқынуы кезінде асқазан-ішектен қан кетуі мүмкін, мұндай жағдай жедел хирургиялық араласуды қажет етеді. Аурудың асқыну маусымын біле отырып (олар тек көктемде ғана емес, күзде де болады), ата-аналар осы кезең аралығында алдын-алу шараларын бастауы керек. Гастрит пен асқазан ойық жарасының басты себебі Helicobacter pylori бактериясы болатындықтан, иммунитеттің әлсіреуіне жол бермеу қажет. Асқазан-ішек жолдары ауруымен ауыратын балалар күніне 5-6 рет тамақтануы қажет. Тамақ қатты майлы, қышқыл, қуырылған болмауы керек.
Баланың әл-ауқатын көтеруге қышқылдықты төмендететін Протон сорғысының ингибиторлары, ауырсынуды азайтатын орауыш препараттар, H2-гистаминді рецепторлардың блокаторы, асқазан мен он екі елі ішектің шырышты қабығына қорғаныстық әсері бар препараттардың көмегі көп. Жараға қарсы препарат және антибиотиктер H.Pylori немесе басқа патогендік бактерияларды анықтауда қолданылады», - дейді Динат Кожекенов.
Жиі кездесетін маусымдық аурудың келесі түрі – Жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ). Қыстан кейінгі баланың әлсіреген иммунитеті ЖРВИ және өкпе жүйесінің аурулары үшін қолайлы жағдай жасайды. Аталған вирустан қорғану үшін баланы ауа-райына сәйкес киіндіріп, күтімді жоғарлату қажет.
«Жедел респираторлы вирусты инфекциясының негізгі белгілері: температураның көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі мен жүрек айну. Орташа алғанда, ауру шамамен 7 күнге созылады. Егер температура ұзақ уақыт түспесе, асқынулар пайда болуы мүмкін. ЖРВИ вирустық аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерге барудан аулақ болыңыз, маска тағып, үйді үнемі желдетіп отырыңыз және баланы ауа-райына сәйкес киіндіруге тырысу керек. Баланың аяғы ылғал болмауын бақылап отыру маңызды.
Баланың оқуымен қатар демалуында да тепе-теңдікте ұстау керек. Себебі күйзеліс жағдайындағы адам ауруға көбірек бейім келеді. Көкөніс пен жемісті көбірек тұтынуы керек. Қолды жиі жуыңыз, өйткені вирус есік тұтқасында, ұялы телефонда сақталып қалады», - дейді маман.
Оның айтуынша, көктем мен жаз айларында маусымдық аллергияның қозуы қалыпты жағдай. Бұл ауру тыныс алу жүйесіне әсер етеді және тұқым қуалайтын сипатқа ие.
«Көктемнен бастап балаларда маусымдық аллергия жүретінін атап өткім келеді. Аллергологтар мұны поллиноз деп атайды. Мұрын бітелу мен су ағу, түшкіру, таңдай мен жұтқыншақтың қышуы, көздің конъюнктивасының қабынуы мен ісінуі аллергияның негізгі белгілері болып саналады. Көптеген ата-ана баласының аллергиядан зардап шегетінін түсінбейді, барлық ауруды дәруменнің жетіспеушілігіне, суыққа және әлсіреген иммунитетке жатқызады.
Витамин тапшылығы ересектерге қарағанда балаларға қауіпті. Баланың денесі белсенді өсіп жатқандықтан ағзада белгілі бір қоректік заттар мен минералдардың ұзақ болмауы өсудің тежелуіне, психикалық бұзылуға және гормоналды бұзылуға әкелуі мүмкін. Біз дәрігер ретінде балаларда дәруменнің жетіспейтінін сыртқы белгілерінен, сондай-ақ ата-ананың шағымынан біле аламыз. Дәрумен жетіспеушілігінің негізгі белгілері: баланың әлсіздігі, таңертең баланы ояту қиындық тудырады, шаршау, бала жиі жылайды, тәбеттің болмауы, шамадан тыс агрессия және т.б. Көптеген өсімдік аллергендері ауа арқылы тасымалданатындықтан, олармен байланысқа түспеу өте қиын. Бірақ балада клиникалық белгілерді тудыратын нақты аллерген анықталса, сол өсімдікпен байланысын азайтуға тырысу керек. Сонымен қатар, тозаң таралу кезеңінде оның гүлдену орындарынан аулақ болуды ұсынамыз», - дейді дәрігер.
МЕНИНГИТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ
Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жыл қатарынан Қазақстанда менингиттен болатын өлім жағдайы жиі тіркеліп жүр. Ауру әсіресе, кішкентай балаларда көп кездеседі.
«Бұл инфекция кез-келген адамға жұға береді. Алайда, нәрестелерде, балалар мен жастарда көп болады. Менингит адамдар көп шоғырланған жерде тез тарайды. Инфекция ауа тамшыларымен беріледі, яғни сіз жөтелу, түшкіру, науқаспен немесе тасымалдаушымен сөйлесу арқылы жұқтыра аласыз. Микроб сау адамның денесіне жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Инфекция жұққан сәттен бастап клиникалық симптомдардың басталуы әдетте бірнеше күннен он күнге дейін созылады. Науқас ауырған алғашқы күндерден инфекцияны бастап басқаларға жұқтыра алады.
Менингит кенеттен басталуы мүмкін. Тамаққа қатысы жоқ және жеңілдік әкелмейтін құсу, фотофобия, тәбеттің төмендеуімен, баланың тез ашулануы немесе көп ұйықтауымен сипатталады. Дене температурасының төмендеуі не жоғарылауы, жаңа туған нәрестелерде фонтанельдің ісінуі және бас сүйегі тігістерінің сәйкес келмеуі арқылы көрінеді. Менингиттің тағы бір белгісі – маусымдық тұмау сияқты жеңіл түрде болуы мүмкін.
Балалардағы менингиттің алдын алудың бірнеше деңгейі бар. Біріншісі – спецификалық емес, яғни менингококк инфекциясымен ауыратын науқастармен байланысты шектеу. Эпидемия кезінде респираторларды, дәке таңғыштарын және басқа да қолжетімді қорғаныс құралдарын қолдану ұсынылады. Екінші – менингитке қарсы вакцинация. Үшінші – кең спектрлі препараттармен бактерияға қарсы терапияның қысқа курсын жүргізу. Осылайша, білікті медициналық көмекке уақытылы жүгіну сәтті емделудің және асқынудың алдын-алу жолдары болып табылады», - деп қорытындылады Динат Кожекенов.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан