«Сені жоқ қып жіберемін»: Марқұм композитор Арман Дүйсеновты 66 млн теңгеге алдап кеткен
Бұл туралы композитордың жары сұхбат берді
Марқұм композитор Арман Дүйсеновтың жары Айсұлу Айданқызы «TalkLike» ютуб-арнасына сұхбат беріп, күйеуінің өлімі мен отбасындағы қиыншылықтар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, марқұм Арман Дүйсеновты көзі тірісінде 66 млн теңгеге алдап кеткен.
«Оқиғаның төркіні Иманмади Қалиханда жатыр. Қазір мен ол туралы айта аламын, себебі сот шешімі шығарылды. Ол кісі алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Оның бізден алған ақшасы бар болатын. Арман қайтыс болған кезде бірден ақшамды сұрадым. «Аға, мынандай жағдай болып тұр, ақшамды қайтарыңыз» дедім. Ол мен қазір қарыз алсам да саған жеткіземін, уайымдама деді. Бірақ ақшамды әкеліп бермеді, мен де сұраудан шаршаған жоқпын», – деді ол.
Марқұм композитордың жары қарыз алған адамның ақша беретін уақытын соза бергенін, ал ұлы сотқа арыз жазуды ұсынғанын айтты.
«Ұлым сотқа арыз жазыңыздар, қазақшылыққа салына бермеңіздер деді. Әкем де қазақшылыққа салынды, мен арыз жазамын деді. Осы Қалихан Иманмадиден зардап шеккен адамдар көп екен, қолында құжаттары барлардың заңгерлерімен кездесіп, Алмалы ауданының полициясына арыз жаздық. Ол кісі мені қорқытты, менің кім екенімді білесің бе, мен сені жоқ қып жіберемін деді», – деп көзіне жас алды Айсұлу Айданқызы.
Оның сөзінше, олар Қалихан деген кісіге 2018 жылы қызы Англияға оқуға баратын кезде көмек беремін деген сөзіне сеніп бірнеше мәрте ақша берген.
«Ар жаққа ақшаны жібердім дейді, ал ол жақ бізге ақша келмеді дейді. Ол менің шотым бұғатталып қалды, бұл ақшаны шығарып беремін, тағы ақша әкеліңіздер дейді. Арман оған сенді. Бала оқуға кетуі керек, жататын жерін қамтамасыз етуіміз керек болған соң, Арманда жаман ой болған жоқ. Бас-аяғы бізге қайтаратын сома 66 млн теңге. Негізі 83 млн теңге болды, қалғанын жіберді де, осы 66 млн-ын жібермеді. Арман қазір мен оған қарсы шығатын болсам, ақшаны мүлдем қайтара алмай қаламын дейтін. Бірақ ол үлкен қателік болды», – деді ол.