Атақты Қапал-Арасан 1,15 миллиард теңгеге сатылмақ
Курорт 9 жылдан бері туристерді қабылдауды тоқтатқан
Алматы облысындағы атақты Қапал-Арасан курорты сатылмақ. Шипажайдың соңғы қожайыны оны 1,15 миллиард теңгеге бағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Табиғатының әсемдігі, суының емдік қасиетімен кезінде күллі Кеңес Одағына танылған арасанның қазіргі халі өте аянышты. Шипажайдың шырайы кетіп, ғимараттары қаңырап тұр. Қараусыз қалған емдік су кім көрінгенннің кір жуып, шомылатын жабайы моншасына айналған. Жер астынан атқылап жатқан ыстық судың қызығын жергілікті жұрт та, туристерде көре алмай келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтардағы мақаласында туристік өңірлерді дамытуды, кеңінен насихаттауды тағыда тапсырған болатын. Президент атаған туристік орындардың арасында осы Қапал-Арасан да бар. Ол Қазақстанның ғажайып жауһарларына жатады.
«Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан-Бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев мақаласында арнайы көрсеткен әлгі Қапал-Арасан бұрынғы кейпіне қалай келетіні, туристерді қашан қабылдайтыны белгісіз. Ақсу ауданының аумағына қарасты қайнар судың адам ағзасына шипалы екені XIX ғасырдың ортасында белгілі болған. Алғашқы сауықтыру үйі 1850 жылы ашылып, 53 гектар жерге бақ отырғызылған деп айтылады тарихта. Деректерге жүгінсек, минералды қайнар қасиетімен, табиғатының әсемдігімен ақ патшаның тұсында-ақ аты шыққан. Шоқан Уәлиханов, Семенов-Тянь-Шанский, Ілияс Жансүгіров сынды атақтылар, бертінде Дінмұхамед Қонаев сынды алыптар да ат басын бұрып, шипалы судан ем қабылдаған екен. Таулы аймақта туризмнің дамуына Қапал-Арасан қолайлы, демалушылардың сұранысына қазір де ие. Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан шипажайға келігісі келетін демалушылар көп болғанмен, оларды қабылдауға, қызмет көрсетуге аудан дайын емес. Ауыл әкімі Нұрбол Елубайұлының сөзінше, брендке айналған Қапалды қайта көтерсе, өңірдегі өзге де тарихи жерлерді насихаттауға, туристерді тартуға болады. Бұл жұтаған ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға, қаржы табуға таптырмас тиімді жолдардың бірі.
«Арасанға барар жолдағы керемет орынның бірі – Тамшыбұлақ. Бұл Қазақстаның қасиетті жерлерінің картасына енген. Суының емдік қасиеті жоғары, үнемі бір температурада сылдырлап, мыңдаған жерден тамшылап ағып тұрады. Қандай аяз, суықта бұл суды ішсең де тамағың ауырмайды.
Кезінде осы бұлаққа Ш.Уәлиханов тоқтап, ем алған. Асқазан, жүрек, ішек ауруларына пайдалы. Көздің қышымасын, аллергиясын емдейді.
Қапал ауылы өте киелі, тарихқа бай жер, туристік әлеуеті өте жоғары. Айналада этнотуризмді кеңінен дамытуға болатын орындар өте көп. 170 жыл бұрын ақ патшаның тұсында салынған тарихи нысандар міне әлі тұр. Мұзбұлақ, Бүркітті, Ілия сайы, Ақадыр деген әсем жерлер бар. Ноғай мешіті, Татар мешіті, Тәнеке батырдың кесенесі сынды Қазақстанның киелі, қасиетті жерлеріне енгізілген 18 орын бар. Ақын Сараның музейі, І.Жансүгіровтың жары Фатима Ғабитованың мұражай-үйі де міне осы ауылда.
Қапал-Арасан ашылса туристер әлгі орындарға да көптеп келері сөзсіз. Ауылдағы халықтың әл-ауқаты да көтерілер еді. Туристік кластерге айналдыру үшін ауылда міндетті түрде хирург, терапевт болу керек екен. Одан бөлек жанар-жағармай құю бекеті, қонақ үй, тамақтану орындары ашылу керек екен. Бұның бәрі іске асса жұмыс орны, ақша табудың көзі болар еді», - деді Ақсу ауданы Қапал ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ерекенов.
Нұрбол Ерекенов
Ауылдағы адамдар аздаған малмен ғана күн көреді. Кезінде 60 мың адам тұрған Қапалда қазір 4,5 мың тұрғын қалған. Жыр болған Арасан Қапалдан ары 25 шақырым жерде. Кеңес кезінде салынған сәнді де сапалы ғимараттар қарағай-қайыңның арасында, Арасан аулының шетінде қаңырап тұр. Қар үрлеп, қараусыз қалған шипажайдың аумағы 6 гектардан асады. Кезінде Д.Қонаевтың өзі 18 жыл қатарынан келіп демалғанда тұрақтаған саяжайда ғана жылу бар екен. Ол үйде шипажайдың қожайыны мен көмекшісі екеуі ғана қонақтап келеді. Өзін шипажайдың әкімшісімін деп таныстырған әйелдің сөзінше, демалушыларды қабылдауды ресми түрде 2014 жылы тоқтатқан. Ыстық сумен емделуге арналған ғимараттар әлдеқашан қирап қалған. 60 градус ыстықпен атқылап жатқан шипалы су кім-көрінген қалдығын тастап кететін жабайы моншаға айналған. Жер астынан шығып жатқан тағы 4-5 бұлақ далаға жайылып, айналасы батпаққа айналған. Тек 150 адамға арналған 3 қабатты қонақ үй, қыстық-жаздық асханасы, емдік шараларды жасайтын ғимарат қана сау тұр.
«Демалушылар тұрақтап, қонатын корпустың ар жағында шеңбер түрінде салынған екі қабатты ғимаратта сауна, бассейн, фитобар, мейрамхана, асхана, парафин, шөппен емдеу, тұзды ванна, массаж сынды өзге де медициалық емдеу бөлмелері орналасқан. Одан ары 600 демалушыны қабылдайтын 6 қабатты ғимарат болған, ол құлап қалды.
Шипажайдың батыс бөлігінде үш саяжай бар. Туристерден сұраныс жоғары. Германиядан, Қытайдан да турситер келсек деп хабарласады. Оларды жыл бойы қабылдауға болады. Қапал тауының етегінде тау-шаңғы базасын ашуға дайын тұрған орын да бар. Шипажай 6-7 жылдан бері жылудан ажыратылып, тұрып қалғандықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жиһаз, төсек-орын, ыдыс-аяқ, өзге де қажетті заттардың бәрін жаңалау керек. Инвестор тапсақ бірлесіп жұмыс істейміз, болмаса сатсақ деген жоспарымыз да бар. Курорттың жұмыс істей алмай тұруына осындағы адамдардың жемқорлығы себеп. Курорттың иесі Қанат Мұратбекұлы Жезқазғаннан келген. Ол осындағы адамдарға өкпелі. Сенгіштігінен жұмыс істей алмай, ақшасынан айырылды. Әкімдік қолдау көрсетеміз дегенмен, тек сөз жүзінде ғана», - деді Қапал-Арасанның әкімшісі Айнұр Жақанбайқызы.
Айнұр Жақанбайқызы
Банк алдындағы берешегі – 700 млн теңге
Қапал-Арасан курортындағы бұлақ суының құрамында натрий сульфаты-хлориді, азот және кремний қышқылы бар. Қаракүнгей және Баянжүрек тауларының аралығында, теңіз деңгейінен бір мың метрдей биіктікте орналасқан. Талдықорған қаласынан 100 км қашықтықта жатқан курорттың аумағынан шығып жатқан су буын бүйрек, бауыр, ас қорыту органдарының, несеп жодары кеселдерін, гинеколог және урологиялық ауруларын емдеуге пайдаланған.
Тынығуға қолайлы, жаздың ыстығында қоңыржай ауасымен адамарды баурайтын демалыс орнын 2012 жылы Қанат Тәлкенов есімді жігіт сатып алған. Тарихи орынды «Altyn dala» ЖШС құрамына алған Тәлкенов шипажайды банкке кепілге қойып, 450 миллион теңге несие алған. Алайда алынған ақшаға курорт жаңартылмай, РБК банктің несиесі де қайтарылмай, қарыз 700 миллион теңгеге дейін жеткен.
«450 отбасы бар, 2 мыңнан астам адам тұрады. Халықтың күн көрісі – мал шаруашылығы. Өңірде 27 мың қой, 7 мың бас сиыр, 3 мың жылқы, бір мың құс бар. Халықтың табысы мал болғандықтан, айран-сүтін, құрт-ірімшігін, қымыз-қымыранын өткізу керек. Курорт жұмыс істесе агроөнімдерді сатуға қолайлы болар еді. Агротуризмді дамытуға тиімді жер.
Он шақты жыл бұрын курорт жабылды. Егер ол жұмыс істегенде кем дегенде 100 адам жұмыспен қамтылушы еді. Ауылымыз көркейіп, табыста жақсы болар еді. Таудағы тамғалы тастар, тарихи орындарды аралату, тау шаңғысын ашу сынды жасалатын жұмыстар өте көп. Бірақ бәрі тоқтап, өңір иен, иесіз қалғандай құлазып тұр», - деді Ақсу ауданы Арасан ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ержан Сейітқазы.
Арасан Алматы облысы әкімдігінің де бас ауруына айналған. Олар банкроттың алдында тұрған туристік орталықты қалай да қайта ашамыз дегенмен, проблеманың нақты жолын жылдар бойы шеше алмай келеді. Әкімдіктің мәліметінше, шипажайдың үлкен қалалардан алыста, тыныш, таза ауада, таудың арасында орналасқаны – туристердің қызығушылығын тудырады. Отбасылық, экологиялық демалыс, ауылдық туризмді дамытуға таптырмас орын.
Облыс әкімдігі арасанға дейінгі жолды жаңартып та берген. Нақты бір шешімге келмей, сырғытпамен уақыт өткізіп жатқан қожайын курортты 1 миллиард 150 миллион теңгеге сатып алуды ұсынған. Онда да мемлекет меншігіне түгел бермей, жарты дүниені өзіне қалдыруды, яғни мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен жұмыс істеуді ұсынған. Қарызын төлетіп, қаржы тауып қалуды көздеген кәсіпкермен облыс әкімдігі де, инвесторлар да нақты шешімге келе алмай жатыр. Өйткені, 6,3 гектар аумақты алып жатқан курортты қайта көтеруге тағы қыруар қаржы керек.
«Қапал-Арасан жекеменшікке өтіп кеткен. Иелері оны банкке кепілге қойған. Қазір біз банкпен сөйлесіп, келісіп жатырмыз. Егер ол орынды бізге берсе, оны біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қайтарып, қайтадан ашсақ деген ойымыз бар. Осы арқылы ардагерлер, көп балалалы аналар, сабақты жақсы оқитын оқушыларды демалып, түрлі аурушаң балаларды сауықтыратын демалыс орнына айналдырсақ деген жоспарымыз бар», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы