$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.03.2021, 13:30
Қоғам

Білім және ғылым вице-министрі мектептерде аралас форматта оқыту ережесін түсіндірді

Ата-аналарға жаңадан мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ

Білім және ғылым вице-министрі мектептерде аралас форматта оқыту ережесін түсіндірді
көрнекі фото

1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сынып және халықаралық мектептердегі 1-7 сынып оқушыларына аралас форматта оқуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

«Білім беру ұйымдарына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, оқу пәндерінің тізбесін дербес айқындау құқығы берілді. Сондай-ақ, мектептер штаттық немесе қашықтан оқыту кезінде сағат санын өздері белгілеуге құқылы. Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін қашықтан асинхронды форматта өткізуді ұсынды. Қалған пәндердің барлығын 1-5 сынып оқушылары штаттық форматта оқиды», - деді Шолпан Қаринова.

Сондай-ақ, денсаулық жағдайы бойынша науқас және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан білім ала алады.

«Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген. Бұл қашықтан оқыту форматында білім алатын 6, 7, 8, 10 сынып оқушыларына қатысты. Сабақтан тыс уақытта жеке оқыту туралы шешім педагогтер мен білім алушылардың ата-анасының өзара келісімі негізінде қабылданады», - деді вице-министр.

Брифинг барысында Шолпан Қаринова оқушылардың мектеп формасына қатысты мәселенің нақты жауабын айтты.

«Балалар білім ордасына мектеп формасымен немесе классикалық стильге жақын өзіне ыңғайлы әрі ұқыпты киіммен келе алады. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқу жылы басталғанға дейін Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналарға қабылдауға мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойды», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, балалардың жекелеген санаттарының тамақтануы, тұруы, тасымалдануы өңірлердің бас мемлекеттік санитар дәрігерлерімен келісіліп қамтамасыз етіледі.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары