$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.03.2021, 13:17
Қоғам

«Заң бәріне ортақ болуы керек еді»: Маңғыстауда мұнай компаниясы өкілдері сот шешіміне наразылық білдірді

Олар өздеріне тиесілі дүние-мүлікті ала алмай отырмыз дейді

«Заң бәріне ортақ болуы керек еді»: Маңғыстауда мұнай компаниясы өкілдері сот шешіміне наразылық білдірді
Фото ашық дереккөзден

Еліміздің батысындағы мұнай компанияларының арасындағы текетірес әлі жалғасып жатыр. Тараптар бұған дейін бірін-бірі айыптап келсе, енді «сот органдары заң талаптарын орындамай отыр» деген мәлімдеме жасады. Есте болса, бұған дейін «БатысНефтеТрэйд» компаниясы мен «Terminalex» ЖШС арасындағы іс туралы жазған болатынбыз. Екеуара дау Маңғыстау облысында бірнеше сот инстанциясынан өткен.

Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2020 жылы 19 мамырда сот ұйғарымын (істі қарағанда туындаған мәселе – ред.) шығарған. Сот процесіне қазылық еткен судья Гаухар Метерқұлова «Terminalex» серіктестігінің шағымы мен жеке сот орындаушы Серік Ахановтың талап-арызын толықтай қанағаттандырған. Яғни ол Маңғыстау облыстық экономикалық сотының 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімін орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерткен. Ол жерде сот орындаушысының мақсаты – «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-нен «Terminalex» компаниясының пайдасына  13,7 мың тонна мұнай және мұнай өнімдерін беру туралы қаулыны орындау болатын.

Бірақ судья да, сот орындаушысы да «Terminalex» ЖШС-нен бөлек тағы да 8 талап етуші тұлғаның бар екенін ескермеген көрінеді. «БатысНефтеТрэйд» кәсіпорнынан мүліктерін талап еткен жеке компаниялар саны аз емес. Ендеше сот орындаушы 29 маусым және 3 шілде күндері №2 Ақтау қалалық сотына келіп түскен шағымдардың негізінде талап етушілердің келісімін алуы тиіс еді. Себебі бұған дейінгі сот мүлікті тек бір ғана талап етушіге беруді заңсыз деп тапқан, дейді компания өкілдері.

Жоғарыдағы соттың қаулысы күшіне енген соң, яғни 2020 жылдың 10 қарашасында судья Метерқұлова «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-нің барлық мүлкін Terminalex-ке беру туралы шешімді ақыры шығарған. Енді бұл шешімге қарсылық ретінде жоғарыдағы 8 талап етуші Маңғыстау облыстық сотына жеке шағым түсіреді. Арызданушылар судья Гаухар Метерқұлованың сот ұйғарымын заңсыз деп тануды сұраған. Олардың талабы бойынша борышкердің барлық мүлкін бір қолға беруге болмайды, сондықтан өздерінің де құқығын ескеруді талап еткен.

«Өндірісті атқару туралы» заңның 6-бабына сәйкес, талап етушілердің барлығы тең құқылы, олардың құқықтық және заңдық мүдделері де теңдей. Ендеше борышкердің мүлкі барлық талап етушіге теңдей әрі пропорционалды қағидаларды сақтай отырып бөлінуі тиіс. Тиісінше барлық талаптар заң аясында қаралуы керек еді. «Өкінішке қарай, судья Метерқұлова қате кеткен құжатты түзету кезінде қабылданған сот ұйғарымында тек қана бір компанияға таңдау жасау арқылы бүйрегінің кімге бұратынын байқатты», делінген сотқа жазылған талап арызда.

Арызданушылар заң талаптарына сәйкес, жоғары сатыдағы сот органдарына жеке шағымды бұған дейін шешім шығарған сот арқылы жолдайды. Талап етуші барлық компания заң аясында тиісті талап-арызды өткізген. Алайда, бұл арыз тағы сол Гаухар Метерқұлованың қарауына түскен. Ол 2020 жылы 27 қарашада шағым беруге құқығы жоқ тұлғалар сотқа арызданған деген тағы бір ұйғарым шығарып, жеке шағымды облыстық сотқа жіберткізбей тастаған. Судья шағым неге қайтты деген сауалға «шағымданушылар процесс қатысушылары емес және «БатысНефтеТрэйд» пен «Тerminalex» арасындағы сот өндірісінде ешқандай тарапқа жатпайды» деп жауап беріпті.

Қоймада тұрған мұнай өнімдерін қайтаруды сұрағандар мұнымен тоқтап қалмаған. Олар Маңғыстау облыстық сотына қайта талап-арыз жазады. Бұл жолы бінеше компания өкілдері (талап етушілер – ред.) қате кеткен құжатты түзету туралы сот ұйғарымы мен жеке шағымды қарамай қойған судьяның әрекетіне қатысты арыз жазған.

Осы талап-арызды жазушылардың бірі Кирилл Илющенко қалыптасып отырған жағдайға қатысты өз пікірін білірді. Ол шағымданушының заңды өкілі ретінде өзі қорғайтын заңды тұлғаның құқығының бұзылып отырғанын айтады. Яғни ҚР Азаматтық процесуалдық кодекстің бірнеше бабы сақалмаған екен.

«Біз 2020 жылғы 20 қарашадағы шағымымызда Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жаңылысқан тұсын түзету туралы ұйғарымның заңсыз жасалғанын және Terminalex-тен мүлікті талап еткен тұлғалардың заңдық және құққытық мүдделерінің қорғалмағанын нақты дәлелдеген едік.

Біздің ойымызша, судья Г.Метерқұлова жеке шағымды ҚР Азаматтық процесуалдық кодекстің 429-бабы 1-тармағы негізінде, әрі қарай осы заңның 429-бабы 4-бөлігі бойынша арыздарды апеллияциялық сотқа жолдауы тиіс болатын. Бұл жағдайда облыстық сот өзі жеке дара қаулы қабылдап, біздің заңдық құқығымыздың сақталған немесе сақталмаағны туралы шешім қабылдауы керек болатын. Жоғарыдағы сот қазысы бізді мұндай мүмкіндіктен айыру арқылы конституциялық құқығымызға қол салды», - дейді К. Илющенко.

Қазақстан – құқықтық мемлекет, заң барлық азаматқа ортақ. Алайда, дауласып жатқан мұнай компанияларының өкілдері құқығымыз осылайша тапталып отыр деп мәлімдеме жасады.

Естеріңізге салайық, Маңғыстау облысында мұнайды сақтау және тасымалдаумен айналысатын екі ірі компания арасындағы текетірес 2017 жылы басталған. «БатысНефтеТрэйд» серіктестігі «Terminalex» ЖШС-не қара алтынды жеткізіп береді. Ол өз кезегінде өнімді құбырлар арқылы резервуарларға құйып, ары қарай мұнай танкерлеріне жүктеуге міндетті. Тараптар осы қызметті атқару үшін өзара келісімшарт жасасқан. Бастапқыда серіктестер жүйелі жұмысты жолға қойғанымен, 2018 жылы Маңғыстау облыстық Экономикалық тергеу қызметі (ЭТҚ) ҚР ҚК 197-бабымен іс қозғап, аты аталған екі компанияны да тергеуге алады. «Terminalex» ЖШС қоймаларына мөр басылып, тергеушілер «БатысНефтеТрэйд» компаниясын да тергеу аяқталғанша мұнай өнімдеріне тиіспеу туралы нұсқау береді.

Арада жарты жыл өткенде қылмыстық құрамы жоқ деген негізбен іс тоқтатылады. Осыдан кейін «БатысНефтеТрэйд» кәсіпорны өз серіктесінен жүкті, яғни резервуарлардағы мұнайды қайтаруды талап етеді. Осы жерде айта кету керек, компаниялар арасындағы шартқа сәйкес, мұнайды жеткізуші кәсіпорын терминал иесін 60 күннен кешіктірмей өніммен қамтамасыз етіп отыруы тиіс еді. Алайда, тергеу ісіне байланысты бұл кепілдік уақытында орындалмай қалады. «Terminalex» серіктесіне 330 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуді талап етеді. Тиісінше, «БатысНефтеТрэйд» компаниясы да тиісті қызметтің көрсетілмегенін айтып, айыппұлдың заңсыз екенін мәлімдеген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары