Яна Легкодимованың көлік ішінде өлген сәті: полиция қанды оқиғаның видеосын жариялады
Полиция қылмыстың мән-жайын жариялады
Атырауда сегіз ай бойы іздеуде болған 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты істің қалай ашылғаны белгілі болды. Полиция бейнежазбаларды зерттеп, айғақтарды жоюға тырысқан екі күдіктіні анықтап, құрықтаған. Екеуі бүгінде өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, 23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазаннан 19-на қараған түні өлтірілген. Бойжеткеннің денесі тек сегіз ай өткен соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.
«Алдымен адам жоғалу фактісі бойынша іс тіркелді. Хабар түскен бойда біз оны іздеуге кірістік. Бірқатар жұмыс атқарылды. Адам ұрланғаны жөнінде мәліметтер жинақталған соң істі адам ұрлау дерегі бойынша жүргіздік. Одан соң іс кісі өлтіру дерегіне өзгертілді», - деді Атырау облысы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайынов.
Полицияға хабар 20 қазан күні қыз баланың анасынан оның хабар-ошарсыз кеткені жөнінде түскен. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздестіру жүргізген.
«Біз оның үйден шыққан сәтінен бастап жүрген бағытын қалпына келтіре бастадық. Камералар қыз мінген ақ түсті көлікті көрсетті. Жанында есікті ұстап тұрған екінші ер адам болған. Кейін ол да автокөлікке отырған. Одан соң олар Талдыкөлге қарай бағыт алған», - деді Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратов.
Оқиғаның жай хабар-ошарсыз кеткен адам туралы емес, қылмыстық сипаты барын жедел уәкілдер анықтады. Қаладағы бейнекамералардың жазбалары қаралып, күдікті көліктің жүру бағыты тексеріледі. Осылайша қызды алып кеткен екі жігіт анықталады. Бірі қылмысты өз қолымен жасаса, екіншісі оған ізін жасыруға көмектескен.
«Күдіктілер екі күннен кейін ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуатын орынға апарып, іздерді және марқұмның телефонын жойған», – деді тергеуші Хажмұратов.
Айғақтардың жойылуына қарамастан, полиция қызметкерлері істі ашты. Тергеу материалдарына сәйкес, Хайржанов көліктің ішінде Янаны тұншықтырған, ал досы Катимов қызды қашып кетпесін деп есікті ұстап тұрған. Бұдан кейін олар денені қала сыртына апарып, өзенге лақтырған.
«Алдымен біз Хайржановты анықтадық. Оның жауабы бойынша екінші күдікті Қатимовты таптық. Күдіктілер ұсталып, бірақ мәйіттің табылмағаны менің тәжірибемде алғаш рет болды. Соған қарамастан күдіктінің сөзі бойынша қылмыс болған орынды анықтадық», – деді Ерлан Құсайынов.
Қылмыскер мен марқұм бір университетте оқыған және бірін-бірі 2022 жылдан бері білген. Қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста болған. Қаскөйлер бұрын-соңды сотты болмаған, қандай да бір есепте тұрмаған. Жедел уәкілдің айытуынша, мұндай жағдайларда ұсақ-түйектің өзін ескеру маңызды.
«Қылмыс тіркелген уақытта жедел уәкіл ұсақ түйек мән-жайларға назар аударады. Оны ескермесең, қылмыс ашылмай қалуы мүмкін. Адамның сөйлегеніне назар аударамыз. Психологиялық жағдайына мән береміз. Күдіктіні сөйлетуге тырысамыз», – дейді жедел уәкіл.
Қылмыстың жасалуына Янаның Хайржановтың басқа қызбен кездесіп жүргенін және оған үйленбек екенін біліп қоюы, қалыңдығына шындықты айтамын деп оқталуы түрткі болған.
Тергеушінің айтуынша, басты күдікті әуелде тергеуді шатастыруға тырысқан. Алайда тәртіп сақшылары тактиканы өзгертіп, қылмыскердің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеді.
«Сот санкциясы бойынша біз олардың парақшаларын тексердік. Хат алмасу барысында олар кісі өлтіру жоспарын талқылаған. Сондай-ақ ғаламтордағы іздеу жүйесінде Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны және бейнебақылау камераларындағы жазбалар қанша уақыт сақталатыны туралы сұрақтар болған», – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов.
Полиция қызметкерлері барлық қажетті процесті жүргізіп, дәлелдемелерді жинақтады. Бүгінде қос күдікті де жауапқа тартылды. Екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.