Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы ұсталды
Оған «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық» бабы бойынша айып тағылды
Қырғызстанда бірнеше жергілікті саяси қайраткер мен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы – Қадырбек Атамбаев қамауға алынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24.kg-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігі осыған байланысты арнайы хабарлама таратты.
«Қадырбек Атамбаев, ҰҚК Мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы бастығы Дамир Мусакеев, социал-демократтар партиясының жетекшісі Темірлан Сұлтанбеков, Қырғыз парламентінің экс-депутаттары Шайлобек Атазов пен Кубанычбек Кадыров ұсталды», – делінген мәлімдемеде.
ІІМ дерегінше, ұсталған бес адам республика парламенті сайлауының қорытындысы жарияланғаннан кейін бірнеше митинг ұйымдастырып, жаппай наразылық ұйымдастыруды жоспарлаған.
Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, олар «антиконституциялық талаптар» қоюды, сондай-ақ әкімшілік ғимараттарды, телерадиоканалдарды, күштік құрылымдар нысандарын, қару-жарақ қоймаларын және пенитенциарлық жүйе мекемелерін басып алуға әрекет жасауды көздеген. Бұл әрекеттерді жүзеге асыру үшін «қылмыстық топтар» тартылмақ болғаны айтылады.
«Тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, гранаталар, байланыс құралдары, қаржыландыруға қатысты құжаттар, іс-қимыл жоспарлары, есірткі заттары және 150 мың доллар көлемінде ақша тәркіленді», – делінген ведомствоның Бішкекте таратқан хабарламасында.
Ұсталғандарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық» бабы бойынша айып тағылды.
Қырғызстанда парламенттің кезектен тыс сайлауы 30 қарашада өтеді. Бастапқыда ол 2026 жылдың қарашасында өтуі тиіс болған, алайда 25 қыркүйекте депутаттар өз өкілеттіктерін ерікті түрде тоқтатқан болатын.