«Әлі өмір сүргім келеді»: Донор болу туралы депутаттардың пікірі
«Azattyq Ruhy» Қазақстанда өткір тұрған мәселеге қатысты депутаттарды сөзге тартты
Журналистің сауалына жауап берген төменгі палата өкілдерінің басым бөлігі ағза доноры болу туралы түсінікті қолдайды. Бірақ, көпшілігі бұл мәселе туралы әлі ойланып көрмепті. Депутаттардың бірі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың мәселені ашық айтқанына «біртүрлі» қарайды. Бір жағынан, мұндай қадам басқа адамдарға дұрыс шешім қабылдауға түрткі болуы мүмкін дейді.
Депутат Нұрлан Дулатбеков тосыннан сауал қойылғанда «сасып қалғанын» айтса, Берік Оспанов «мүше» демей «іш құрылысы» деп атаған дұрыс шығар деп журналисті түзетті. Қашқақтамай, кез келген сұраққа жауап беретін вице-спикер Владимир Божко әлі өмір сүргісі келетінін айтты.
Еске салайық, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өмірден озған соң, өз органдарымен бөлісуге әзір екенін айтып, отандық телеарналардың біріне сұхбат берген.
Министр елдегі «қара нарық», өз еркімен донор болуға келісім беретіндер саны көбейсе ғана тыйылады деп есептейді.
Айта кету керек, биыл Қазақстанда адам органдарын заңсыз саудалайтын трансұлттық қылмыстық топ ұсталды. Тіпті, оған лауазымды дәрігерлердің қатысы бары да анықталған. Ішкі істер министрлігі белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратовты Украина азаматтарының ағзаларын заңсыз алды деп айыптады. Сондай ақ, жақында Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Доңбай ұсталды. Бас дәрігерге «трансұлттық қылмыстық топқа қатысу» және «адам органдарын заңсыз алу» баптары бойынша айып тағылған. Ол ота жасаған науқастарға донор Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары болған, ал реципиенттер алыс шетелдердің, негізінен Израильдің азаматтары екені хабарланды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан