Қазақ дәрігері украиналық азаматтардың бүйрегін заңсыз саудалады деп айыпталып отыр
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты деректерді мәлім етті
Бүгін Үкімет отырысынан соң Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты деректерді мәлім етті. Қазақ дәрігері Украина азаматтарының ағзаларын заңсыз алды деп айыпталып отыр.
"Оның ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр, тергеу әлі аяқталған жоқ. Бұл істе басқа елдің азаматтарының байланысы бар. Сол себепті тергеу ұзаққа созылды. Жедел тергеу тобы шетелге баруы керек. Ол жақтағы әріптестеріміз көмек көрсетеді. Тергеу аяқталысымен ақпарат береміз", - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Қазақстанның медицина қауымы Ғани Құттымұратовты жақтап, ол ағза мүшелерін заңсыз алғанына сенбейтінін айтқан. Ішкі істер министрі істің ақ-қарасы тек тергеу аяқталғаннан кейін ғана айтылатынын қайталап өтті. Жалпы, дәрігерлерге қатысты істерге міндетті түрде сот-медициналық сараптама жүргізіледі.
«Дәрігерлердің қортындысынан кейін ғана оның кінәсі анықталады. Біз оның кінәлі-кінәсіздігі туралы шешім қабылдай алмаймыз. Тек сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін ғана", - деп түсіндірді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың маусымында Украинаның ұлттық полициясы осы елдің азаматтары Қазақстанда ағза мүшелерін сатуға мәжбүр болғанын мәлімдеген еді. Осындай жиырмаға жуық факті тіркелген. Украиналықтар өз бүйрегін саудалағаны анықталды. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар бірнеше адамды, соның ішінде, дәрігер-трансплантолог Ғани Құттымұратовты ұстап, екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан