Көпбалалы аналар үшін бюджеттен шұғыл түрде 37 млрд теңге сұралды
Елдегі өзгерістерге байланысты республикалық бюджеттен қанша қаражат керек екенін Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті
Бүгін Үкімет отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау мәселесі қаралып, өзгерістер енген заң жобасы Мәжіліске жіберілді.
Елдегі өзгерістерге байланысты республикалық бюджеттен қанша қаражат керек екенін Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, 2019 жылдың сәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-эконмикалық даму болжамы жасалған. Бүгін бюджетке еніп отырған өзгерістер сол болжамға байланысты. Үкімет осы жоба аясында бірнеше міндеттерді шешуі керек.
«Бірінші міндет- әлеуметтік саланы қажеттілігіне орай шұғыл қаржыландыру. Бұл мақсатқа 84,8 млрд теңге көзделген. Оның ішінде, атаулы әлеуметтік көмекті алатын ааматтардың контигенті ұлғайғандықтан, атаулы әлеуметтік көмекке 36,9 млрд теңге, 23,3 млрд теңге медициналық көмек көрсетуге және 2,7 млрд теңге мәдениет пен спортты дамытуға бөлінеді", - деді вице-министр.
Үкіметтің екінші міндеті – елдің экономикалық өсу қарқынын арттыру. Осы міндетті орындау үшін Үкімет 136.8 млрд теңге алуды көздеп отыр. Осы қаржының ішінде елдегі жолаушылар вагон паркін жаңарту үшін 36,7 млрд теңге, авиапарктерді дамытып, әуе кемелерін сатып алуға – 21,1 млрд теңге, салымы бар адамдарға ипотека беру үшін – 17,1 млрд теңге, Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы суармалы жерлердің желілерін жаңғыртуға 8 млрд теңге, Жамбыл облысындағы халықтың табысын арттыруға бағытталған ілкі жобаны жүзеге асыру үшін 7,2 млрд теңге сұралып отыр.
Осы және өзге де өзгеріс енген бюджет жобасы Мәжілістің қарауына кетті.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан