Жетісу облысында 8-сынып оқушысын пышақтап өлтіріп кетті: басты күдікті – оның сыныптасы

Алдын ала мәліметтер бойынша, мектептен кейін екеуінің арасында дау шығып, арты жанжалға ұласқан

Жетісу облысында 8-сынып оқушысын пышақтап өлтіріп кетті: басты күдікті – оның сыныптасы
Фото: Instagram/halyk_zhurnalist.kz

Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында 8-сынып оқушысы Мүслім Біржанұлын пышақтап өлтіріп кетті. Бұл қылмысқа күдікті оның сыныптасы болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиғаға байланысты Жетісу облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын ресми түрде растап, мәлімдеме жасады. Алдын ала мәліметтер бойынша, мектептен кейін екеуінің арасында дау шығып, арты жанжалға ұласқан.

«Жанжал барысында жасөспірім жарақат алып, артынша көз жұмды. Күдікті ұсталып, заңды өкілімен бірге полицияға жеткізілді. Сол сияқты балалардың өмірі мен денсаулығына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін білім беру мекемесінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды», – делінген ПД хабарламасында.

Тергеу ісі Жетісу облысының Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында. Полиция өзге мәліметті тергеу мүддесі үшін жариялаудан бас тартты.