«Әділет» партиясы Алматыда жаңа экологиялық бастамаларды қолдады
Кездесуде EcoNetwork экологиялық жобасы да таныстырылды
Алматыда «Әділет» партиясының қалалық филиалы жанынан өңірлік экологиялық кеңес құру ұсынылды. Жаңа алаң экологиялық мәселелерді шешу үшін сарапшылардың, қоғам өкілдері мен бизнестің күшін біріктіруді көздейді. Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге «Әділет» партиясының, Қазақстан Халық Кеңесінің, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілдері, экологтар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Олар болашақ кеңестің негізгі міндеттерін талқылады. Атап айтқанда, қаладағы экологиялық мәселелерді зерделеу, оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және нақты жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсету мәселелері қаралды.
«Экологиялық мәселелер бір реттік шаралармен шектелмей, тұрақты әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Сондықтан өңірлік экологиялық кеңес құру сарапшыларды, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдарды біріктірудегі маңызды қадам болуы мүмкін. Бізге мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешімдер әзірлеп, олардың орындалуын бақылау қажет», – деді «Әділет» партиясы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.
Кездесуде EcoNetwork экологиялық жобасы да таныстырылды. Оның негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптаудың жаңа тәсілдері, қажетті инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологияларды қолдану туралы айтты.
Жоба экологиялық сауаттылықты арттыруды, сондай-ақ табиғатты қорғау мәселелерін шешуге тұрғындарды, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдарды тартуды көздейді.
«EcoNetwork экологиялық бастамаларды нақты іске айналдыру үшін құрылған. Қалдықтарды бөлек жинау, экологиялық білім беру және цифрлық шешімдер бұл жұмысқа тұрғындарды, бизнесті және қоғамдық ұйымдарды тартуға мүмкіндік береді. Экологиялық жауапкершілік күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы маңызды», – деді Евгений Мухамеджанов.
Бұл тәсілдің практикалық үлгісі ретінде «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының ғимараты алдында қалдықтарды бөлек жинауға арналған арт-нысан ашылды. Ол қоқысты сұрыптау мәдениетін насихаттап, қала тұрғындарының қоршаған ортаға ұқыпты қарауына назар аударуды мақсат етеді.
«Әділет» партиясы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық жобаларды қолдауды жұмыс бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Партия өкілдері қоршаған орта мәселелерін шешуге және бұл іске тұрғындарды, сарапшылар мен бизнес өкілдерін тартуға бағытталған ұсыныстарды қолдайтынын мәлімдеді.