«Шашын алмаймыз». Министр дәрігердің ісінен кейін аяқасты шешім қабылдады
Ерлан Тұрғымбаев күдіктілердің шашын алуға рұқсат беретін бұйрықтың күшін жойды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев күдіктілердің шашын алуға рұқсат беретін бұйрықтың күшін жойдым деді.
«Бізде санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сәйкес, уақытша қамау изоляторына түскен адамның шашын 1,5 см-ге алып тастау туралы бұйрық болды. Енді мен осы бұйрықтың күшін жою туралы шешім қабылдадым. Сот шешімі шығып, адам колонияға түспейінше, оның шашын алмайды»,- дейді Ішкі істер министрі.
Бұйрықтың күшін жоюға Алматыда тергеу изоляторына қамалған Қанат Тезекбаевтың оқиғасы түрткі болды ма деген сұраққа министр екі-үш секундық үнсіздіктен кейін «кеше консилиум өтіп, сол кезде осындай шешім қабылдадық», - деп қысқа жауап берді.
Ішкі істер министрі сондай-ақ, 29 жастағы ұлы Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне қатысты тергеу кезінде оның әкесі, Алматы полиция департаментінің басшысы Күдебаев тергеу кезінде қызметінен шеттетілмейтінін айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан