Күдебаев ісіне қатысты дәрігерлер Тоқаевты алдады - адвокат
Алматы қаласы ПД басшысы, генерал Күдебаевтың ұлының өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Дәрігерлер әрекетінен зардап шеккендердің құқығын қорғап баспасөз жиынын өткізген адвокат Айман Омарова, Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігер Қанат Тезекбаевты босату туралы тапсырма берген жоқ дейді.
«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінемін. Күдебаевтың ұлы қайтыс болған кезде, қоғам екіге бөлінді. Бірі полицияны кінәласа, келесі топ дәрігерлерді жақтады. Менің де полиция туралы көзқарасымның қандай екенін білесіздер. Олар істі дұрыс жүргізбейді, созады, тағы басқа да кемшіліктер дегендей. Бірақ, бұл дәрігерлерді ақтамайды. Және олар тиісті жауаптан жалтарып кете алады деген сөз емес. Дәрігер анестезия жасаған кезде немесе қажет емес мүшені алып тастаймын деп басқа мүшені зақымдағанда ол туралы сараптаманы да, құжаттарды да оның әріптестері толтырады. Бірақ олардың кінәсін дәлелдеу қиын. Күйеуіне көмектескісі келіп, оның әйелі президентке жүгінеді. Ер адам босатылып, ол іс жүзінде батырға айналды. Тоқаев оны босатыңыз деп айтпады, қылмыстық істі тоқтату туралы да айтқан жоқ», - деді жиынды бастаған Айман Омарова.
Ал марқұм Нұрсұлтан Күдебаев ауруханаға өз аяғымен барған. Жәбірленуші тарап оған дәлел ретінде Нұрсұлтан Күдебаевтың қолы таңулы күйде ауруханаға кіргенін және №7 қалалық клиникалық ауруханадан №4 ауруханаға ауыстырылған кездегі есіктен шығып бара жатқан видеосын да көрсетті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, операция жасау кезінде Күдебаевтың миы өліп қалған.
«Мен Нұрсұлтанның ағасымын, оны Германияға апардым. Міне видеода қарсаңыздар бізді әуежайдан Тезекбаевтың өзі шығарып салып тұр. Яғни, оның науқасты алып жүруге қарсы болдық дегені де өтірік. Және мына құжаттарда бас дәрігердің басқа жаққа ауыстыруға қарсы болмаймын деген қолы мен мөрі де тұр. Ұзақ уақыт үнсіздік сақтадық, ақыры оны елге басқа жағдайда алып қайттық. Ол нәбәрі 29 жаста, біріміздің ұлымыз, ағамыз, күйеуі дегендей. Оның артында үш баласы қалды. Олардың бірі жақында ғана 2 жасқа толды»,- деді інісін Германия апарып, мүрдесін әкелген Бақтияр Әбдірайымов.
Бақтияр Әбдірайымовтың айтуынша, Германияға дейін дәрігерлер мен туыстары Ресейдің, Түркия мен АҚШ мамандарына да жүгінген. Тек түркиялық дәрігерлер миы жартылай өліп қалған науқасқа көмектесуге германиялық мамандардың ғана мүмкіндіктері бар деген. Жәбірленуші тарап шетелге кеткен шығынды да өздері көтерген.
«Бұдан соң 17-тамызда анықтама алып, 21-і күні біз ұшып кеттік. Қандай ауруханаға барғанымызды да Тезекбаев біледі. Жанымызда реаниматолог болды. Операция кезінде Тезекбаев ата-анасына барып, бәрі жақсы екенін де айтқан. Кейін оның жүрегі тоқтап қалғанда бас дәрігерді қайта шақырды. 40 минуттан соң жүрегі соқты. Ал Германияға келген соң, Нұрсұлтан жансақтау бөліміне жатқызылды, аптаның соңында жүрегі тоқтап қалды», - деді Нұрсұлтан Күдебаевтың ісіне қатысты жәбірленуші Бақтияр Әбдірайымов.
Ал жәбірленуші тараптың заңды қорғаушысы болған Айман Омарованың айтуынша, науқас шынтуайтында Германияда емес, елде қайтыс болған. Ал дәрігерлер тек құтылудың жолын қарастырған. Сонымен қатар, ол Күдебаевтың не себепті қайтыс болғаны туралы сараптама да жасалатынын айтты. Тек биылдың өзінде Алматыда дәрігерлер қателігінен болған 136 қылмыстық іс тіркелген. Заңгерлер ақ халаттыларды ҚР ҚК 317 бабында (медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiн орындамау) көрсетілген жазадан босатпау керек деп санайды.