Бүгін, 10:14
Қоғам

«Военкоматтан келіп тұрмыз»: Астанада үш ер адам айы-күні жақындаған әйелдің күйеуін алып кетпек болған (ВИДЕО)

Желі қолданушысының айтуынша, олардың бұл ісі алаяқтық схемаға қатты ұқсас

«Военкоматтан келіп тұрмыз»: Астанада үш ер адам айы-күні жақындаған әйелдің күйеуін алып кетпек болған (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астанада алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды ма? Жуырда үш ер адам айы-күні жақындап қалған әйелдің күйеуін «әскерден шақыру келді» деген желеумен белгісіз жаққа алып кетпек болған. Threads қолданушысы арнайы жазба жариялап, басына түскен жайсыз оқиға туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желі қолданушысының айтуынша, олардың бұл ісі алаяқтық схемаға қатты ұқсас.

«Абай болыңыздар. Алаяқтық схемаға ұқсас. Бейтаныс адамдар әскери комиссариаттың атын жамылып жүр. Астана қаласының Полиция департаменті, жағдайды анықтап, тиісті шаралар қолдануларыңызды өтінемін. Оқиға кеше кешке шамамен сағат 21:00-де болды. Әйелім екеуіміз жұмысымыздан шығып, үйімізге жаяу бара жатқанбыз. Жол бойында белгісіз екі ер адам соңымыздан келе жатқанын байқадым. Үйімізге жақындағанда олар аты-жөніммен шақырды. Жақындап келіп, өздерін бір департаменттің қызметкерлері екенін, әскери комиссариаттан келіп тұрғандарын және бірге еріп жүруі керектігін айтты», – дейді желі қолданушысы.

Ол сөзін жалғай отырып, камераны көрген бойда үшеуі де беттерін жауып алғанын ерекше атап өтті.

«Мен әскерге жарамсыздығым жөнінде анықтамам бар екенін айтып, түсіндірмек болғаныммен, олар айтқандарынан қайтқан жоқ. Бірнеше минуттан кейін тағы бір ер адам пайда болып, үшеуі бізді қоршап алды. Жұбайымның айы-күні жетіп, әне-міне деп жүрген кезі. Ол қатты қобалжып, камераға түсіре бастады. Олар камераны көрген бойда түрлерін жасыра бастады. Полицияны шақырыңыздар деп қатты айқайлағанымнан кейін жан-жаққа қашып кетті», – деп жазды ол.

Сөз соңында ол аты-жөнін, жұмыс орнын, үйінің мекенжайын қалай анықтағаны өзін қатты алаңдататынын айтып өтті.

«Жағдай бүртүрлі. Біріншіден, менің білуімше, оларда қызыл түсті куәлік болмайды – офицерлер мен сержанттардың куәлігі бөлек. Мұндай жағдайда тиісті қызметкерлер мен құжаттары болуы керек. Бұдан бөлек, олар телефоныма әскерге шақыру жөнінде хабарламаға келгенін айтты. Ал маған соңғы төрт жылда ондай ешнәрсе келген емес. Екіншіден, біз камерамызды қосқан бойда неліктен түрлерін жасыра бастады? Ал ең бастысы, «полицияны шақырыңыз» дегенде неліктен жапа-тармағай қашып кетті? Мені бәрінен бұрын алаңдататыны, олар менің аты-жөнімді қайдан білді? Қайда жұмыс істеп, қай жолмен үйіме қайтатынымды қалай білді? Олардың кездейсоқ келмегені анық», – деп сөзін аяқтады.

Агенттік тілшісі оқиғаға байланысты Астана қаласының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. ПД-ның баспасөз қызметі оқиғаны тексеріп көретіндерін мәлім етті.