Солтүстік Қазақстанда қаңғыбас иттер көбейді

Солтүстік Қазақстан облысында қаңғыбас иттер көбейді. Жыл басынан бері жануарлардың тістеуінен зардап шеккен 1000-нан астам адам жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

Солтүстік Қазақстанда қаңғыбас иттер көбейді
Фото: ernur.kz

Қызылжар өңірі құтырма дертінің табиғи ошағы аймағында тұр. Қауіпті вирустің негізгі тасымалдаушылары түлкі және қарсақ. Жабайы аңдардан ауру жұқтырған ит- мысықтар адам өміріне қауіп төндіреді. Мамандардың айтуынша, вирус жараға сілекей арқылы еніп, жүйке жүйесі арқылы орталық нервті зақымдайды.

«Құтырма ауруы емделмейді. Оны жұқтырудың белгілері ит қапқаннан кейін бірнеше күннен соң ғана көрінуі мүмкін. Адамның тынысы тарылып, жүрек қызметі бәсеңдейді. Адам аурудан азап шегіп көз жұмады. Одан уақытылы вакцина ғана құтқара алады», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы Нұргүл Молдағалиева.

Биыл Солтүстік Қазақстанда қаңғыбас иттер мен мысықтарды ату үшін  жергілікті бюджеттен 34 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Барлығы 10 098 қаңғыбас жануар, соның ішінде 9664 ит, 434 қаңғыбас мысық ауланған. Басқа аймақтармен салыстырғанда құтырма жұқтыру қаупі Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Шал ақын, Аққайың  аудандарының аумағында  жоғары.  

«Ауру жұқтырған ит-мысықтар өздерін әдеттегіден өзгеше ұстайды. Адамдарға шабуылдайды, тамақтан бас тартады. Иттер аурудың бірінші күндерінде белсенділік білдірмейді. Тығылады, үйден қашуы мүмкін. Одан кейін қозғалу функциясы бұзылып, сал ауруы мерзімімен ауысады. Құтырманың тыныш формасы сирек кездеседі. Ауру жануарлар судан қорқады. Елді мекендерде жабайы аңдар және құтырма белгілерімен үй жануарлары пайда болған кезде басқалармен, әсіресе адамдармен қарым-қатынасқа жол бермеу қажет. Күдікті жағдай туындаса, тұрғылықты орын бойынша мал дәрігеріне немесе атқарушы  билік органдадарына шұғыл хабар беру қажет», - дейді Нұргүл Молдағалиева.

Құтырма вирустары әсіресе күз бен көктем мезгілінде белсенділік танытады. Биыл Солтүстік Қазақстанда 1071 адамды адамды ит қапқан. Барлығына екпе жасалып, тиісті медициналық көмек көрсетілді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.