«Лайксыз» желі: лүпілдің саны инстаграмдағы бизнеске әсер ете ме?
Енді Instagram қолданушылары өзгенің жазбасына басылған лүпілдің санын көре алмайды
Instagram әлеуметтік желісі парақшалардағы лайктар санын мүлдем алып тастамақ. 14 қарашада Instagram желісінің твиттердегі ресми парақшасында «Ұнайды» функциясын жасыру бүкіл әлемде тестілік режимде іске қосылғаны туралы жазылды. Алайда, жаңа өзгеріске толықтай көшу үшін әлі біраз уақыт керек екен.
«Біз бүгіннен бастап «лайктардың» жасырын есептелу жүйесін бүкіл әлем бойынша іске қостық. Егер бұған сіз де қатыссаңыз, ендігәрі лентаңызда басқалар жариялаған суреттер мен видеолардағы «лайктар» мен қаралымдардың жалпы санын көре алмайсыз», - делінген жазбада.
Яғни, сізге қанша адам «лайк» басқанын өзіңізден басқа ешкім көре алмайды. Бұл функция қазір Қазақстанда Instagram-ның соңғы нұсқасын жүктегендерде пайда болып жатыр.
Instagram «лайктарды» неге жасырды?
Негізінен, Instagram әу баста адамдардың қызықты сәттерін достарымен, таныстарымен бөлісу үшін жасалған платформа. Кейін ол «лайктардың» жарыс алаңына айналып кетті. «Суретіңді көп адам «ұнатса» - тамашасың, ал «лайк» аз басылса - ешкімге «қызық» емессің» деген түсінік пайда болды. Бәсеке қыздар арасында қатты белең алды, олар қымбат көйлек пен боянуға қомақты қаржы жұмсауға дайын. Фото сапалы шығу үшін қымбат смартфоннан да ақша аямайды. Осылайша «лайк» адам психологиясына тікелей әсер ете бастады. Мақтаншақтар да, жасқаншақтар да көбейді. Өз келбетіне көңілі толмайтындар пластикалық операцияға жүгіне бастады. Түрлі зерттеу нәтижелері кейбір инста-блогерлердің бір фотоны салу үшін 100 мың долларға дейін шығындалатынын көрсеткен.
Ал, Instagram әкімшілігі бұдан былай қолданушыларына «лайкпен» емес, сапалы контентпен жарысыңдар» деп ұран тастап отырғандай. Бізге сұхбат берген белгілі блогер Әлішер Елікбаев Instagram-ның лайктан бас тартуының тағы бір себебін алға тартты.
Фото: facebook.com/yelikbayev
«Instagram жаңа саясатты адамдар таргеттік жарнамаға көбірек ақша жұмсасын деген оймен енгізіп жатқан сияқты. Себебі ол қайырымдылық ұйымы емес қой. Олар да көп ақша өздерінде болғанын қалайды. Яғни, адамдар қаржыны бот сатып алуға емес, ресми таргеттік жарнамаға тапсырыс беруге жұмсаса екен дейді», - дегенді айтты ол.
«Лайктың» жоғалуы жарнама нарығына әсер етпейді
Instagram өкілдері парақшасына ақылы жарнама орналастыратын авторлар үшін «лайк» саны маңызды екенін де ескеретінін мәлімдеді. Енді жарнама берушілерге статистика ұсыну үшін авторларға жаңа әдіс ойлап таппақ. Мәселен, енді жазбаның қызықтығы «лайк» санымен емес, қанша уақыт көз тоқтатып оқығанына байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ фото, видеоның астына жазылған пікірлер саны да маңызды рөл атқарады.
Маркетолог Әсел Қожақова бұл өзгеріс жарнама нарығына ешқандай әсер етпейді деп есептейді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, «лайктар» саны оқырманға көрінбегенмен, жарнама берушіге қаралым мен «лайк» санын, белсенділік дәрежесі туралы толық статистиканы ұсынуға мүмкіндік бар.
«Жарнама берушілер тек «лайк» санына мән бермейді. Перепосттар, пікірлер санына, жалпы қамтылу дәрежесіне қарайды. Бизнес-аккаунттан мұның бәрін көруге болады. Кез келген блогерге немесе әншіге жарнама беретін адам алдымен оның парақшасын толық зерттеп алады ғой, - дейді Әсел Қожақова.
Блогер Әлішер Елікбаев та Instagram парақшалардағы жазбаларды қанша адам «ұнатқанының» жасырын болуы жарнама бағасына әсер етпейді деген пікірде.
«Адамдар бұрын жазылған адамның парақшасын «лайк» жоғалғаннан кейін де оқуды жалғастыра береді. Жарнаманы да бұрынғыдай қабылдайды. Себебі әншілер Instagram арқылы танымал болған жоқ қой. Олар бұрыннан сахнада жүрген, ауыл-аймақтың бәріне кеңінен белгілі. Көбі Instagram-ға өнерімен танымал болғаннан кейін келді», - деп айтты бұл туралы Ә.Елікбаев.
«Жұлдыздарды» Instagram асырап отыр
Hype Auditor сайты жаңашылдық әлеуметтік желі қолданушыларына қалай әсер ететінін зерттеп, Instagram желісіндегі белсенділіктің төмендейтінін болжап үлгерді. Болжамда желідегі жұрттың көбі «лайкпен» жарысып бизнес жүргізетінін айтқан. Сондықтан жазылушылары көп қолданушылар жарнама қабылдау үшін басқа платформаларға ауысады. Соның бірі - америкалық әнші Ники Минаж. Ол «лайктың» көрінбеу себебінен Instagram-нан біржола кететінін мәлімдеді. Айта кетсек, оның желіде 100 млн-нан астам оқырманы бар.
Маркетолог Әсел Қожақова Қазақстандағы танымал адамдар Instagram-ды дәл былай «талақ» ете алмайды деп санайды. Өйткені, Instagram - отандық жұлдыздарға ұдайы қомақты қаржы түсіріп отырған бірден-бір желі.
«Бізде танымал, беделді адамдардың ешқайсы жеп отырған нанынан айырылғысы келмейді. «Алтын жұмыртқа» туатын тауықты кім өлтіреді дейсіз? Сондықтан біздің «жұлдыздар» Instagram-ның бұл жаңа заңына да бейімделеді де, әрі қарай жұмыс істей береді. Оның үстіне бізде нарық үлкен емес, тұрақты да емес. Жалған, боттар арқылы жасалған лайктар үшін ешкімді жазаламайды. Қысқасын айтқанда, «бардак». Мысалы, АҚШ-та «накрутка» үшін блоктап тастайды, Ұлыбританияда жарнама жасасаң, оның жарнама екенін ескертіп жазуың керек», - дейді ол.
Маркетолог мұндай қатаң тәртіп Қазақстанда 5-6 жылдан кейін орнап, сол кезде ғана танымал адамдар жарнама берушілерге құрметпен қарауы мүмкін деп санайды.
Бұл туралы отандық жұлдыздар не дейді?
Instagram-да оқырман саны ең көп қазақстандық әншілердің бірі - Ерке Есмахан. Ол «лайктар» санының көрінбеуі көңіл-күйіне еш қаяу түсірмейтінін айтады.
Фото: www.instagram.com/erke_esmahan/
«Бұл күнге дейін «лайк» үшін көңілім түскен емес. Керісінше, бұл жақсы сияқты. Өйткені, енді «лайктарыңа» емес, оқырмандарыңа қарайды. Бірақ бұрын бір жағынан «өтірік» оқырман жинап алатындардың жазбаларын «лайктарының» аздығына қарап көз жеткізуге болушы еді», - деген пікір білдірді әнші.
Ол «лайкқа» бола жарнама берушілердің саны да азамайтынына сенімді. Айта кетейік, қазір Ерке Есмаханның Instagram-ында 4,3 млн оқырманы бар. Парақшасындағы жарнама құны 1 млн теңгеден басталады.
Вайнер, Instagram-дағы «XaxaShow» жобасының жетекшісі Ақсұлтан Қалиев енді оқырмандардың «лайк» санына емес, контент сапасына мән беретініне қуанып отыр.
«Пікір жазады, лайкты да бұрынғыдай баса береді. Оның бәрі бізде көрінеді ғой. Ең бастысы – «охват», - дейді ол.
Белгілісі – енді өзін жеке ешкім танымайтын, бірақ түрлі жолдармен бірнеше миллион оқырман жинап, «лайкты» жасанды жолмен көбейтетіндерге тықыр таяды. Отандық өнер өкілдерді де әдеттегідей ресейлік, украиналық компаниялардан қыруар ақшаға «боттар» сатып алуды доғарады. Қазақстандағы әншілердің көбінде миллиондаған «өлі» жазылушылар барын алдыңғы материалымызда жазғанбыз.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан