Қазақстандық жұлдыздардың «өлі табынушылары»
Қазақстандық жұлдыздардың Instagram-аккаунттарындағы миллиондаған оқырмандары бот болып шықты. Бұны Instagram мен YouTube-қа анализ жасап, аккаунт тиімділігін бақылауға болатын hypeauditor.com сайты анықтады.
Адамның танымалдылығы атқарған жұмысына емес, Instagram-аккаунтына қарай бағаланатын заман. Жарнама беретіндер алдымен әлеуметтік желіні ашып қарайтын болды, ал, сол жарнамадан табыс тауып отырған Insta-аккаунт иелері жазушылар санын көбейту үшін сан түрлі амал қолданады. Осы оқырман үшін «шайқастағы» бот-тар - жауды алдау үшін ағашқа іліп қоятын сауыттар сияқты. «Азаттық рухы» Instagram-аккаунтындағы оқырманы бірнеше миллионнан асатын жұлдыздардың аудиториясына шолу жасады.
Instagram-ның қазақстандық сегментіндегі оқырманы ең көп Қайрат Нұртас біз талдау жасаған ондықты бастап тұр. Оның 4,3 миллион оқырманының арасындағы шын аккаунттар 3,3 миллион адам. Қалған 1 миллионға жуық аккаунт – бот, яғни, өтірік парақша.
Баян Мақсатқызының Instagram-на жазылған 3,8 миллион адамның 2,8 миллионы ғана шын парақша болып шықты. Тағы да сол 1 миллион бот.
Баян Мақсатқызының жиені Аша Матайдың боттары 800 мың. Оның парақшасында негізі 3,8 миллион оқырман деп көрініп тұрғанымен, талдау олардың арасында 2,8 миллион адам ғана «тірі» парақша екенін көрсетті.
Атышулы Төреғали Төрәлінің 3,3 миллион «табынушыларының» тек 2,4 миллионы шын адам екені анықталды. Мұнда 900 мыңға жуық бот табылған.
Әнші Қарақаттың «менмұндалап» тұрған 3,2 млн оқырманының екі жарым миллионнан астамы ғана расталды.
Әнші Сәкен Майғазиевтің 3,1 миллион оқырманы бар сияқты көрінеді. Бірақ, бұл тек аты ғана. Ал, заты 2,5 миллион адам. Қалған 600 мың адам жоқ.
Бот-тары ең аз парақша әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергендікі. Оның insta-аккаунтындағы 2,7 миллион оқырманның 400 мыңы ғана өтірік парақша. Шын оқырманы 2,3 миллионнан асады.
«Қазақконцерт» ұйымы шығармашылық қызметінің басшысы, әнші Мөлдір Әуелбекованың негізі 2,6 миллион оқырманы бар. Олардың арасындағы шынайы жазылушылар саны 2 миллион адам.
Бір кездері «Бүркіт» болып танылған Айбек Сейітовтің 2,4 миллион оқырманы арасында белсенділері тек 1,9 миллион адам ғана.
БОТТАР СІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?
Қазақстандағы тәжірибелі SMM-мамандардың бірі Жанасыл Болатбек Instagram-да оқырман жинап беретін қазақстандық сервис жоқ дейді.
«Оқырман санын көбейтіп беретін ресейлік және үндістандық түрлі онлайн-сервистер бар. Ақшасын төлейсің, олар өзіңіз белгілеген белгілі бір уақытта сізге қажетті оқырман санын жинап береді. Оқырмандар ТМД елдерінен, Ресей, Қазақстаннан жиналады. Бірақ, міндетті түрде ол оқырмандардың 20 пайызы сізден қайтадан кетіп қалады. Қалғандары таза бот-тар болуы мүмкін немесе сырттан келген адамдар болуы мүмкін», - дейді Жанасыл Болатбек.
Жалпы, Жанасылдың айтуынша, бот дегеніміз – телеграмм месенджерінің арнайы сервисі. Яғни, телеграмда арнайы жұмысқа дайындалған кішігірім программа. Мысалы, Электронды үкіметтің телеграм боты.
«Ал, Instagram-да бот дегеніміз басқа мағынада қолданылады. Бұл желіде бот деп тірі адам емес, қолдан жасалған аккаунтарды атайды. Яғни робот. Instagram-дағы бот сіздің постыңыздың қараламын «көбейтуі» мүмкін, лайк «басып», посты сақтауы мүмкін», - дейді Жанасыл.
Қазір Қазақстан бойынша аккаунттардың тазалығын тексеріп беретін қандай да бір орталық немесе зерттеу ұйымы жоқ. «Өзіме керек кезінде қандай да бір аккаунтты алып, бір айдағы жазбаларына, іс-әрекеттеріне қарап, анализ жасай аламын. Тазалықты тексеретін сервистер де бар, бірақ, қазақстандық емес», - дейді SMM маманы.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан