Әлемнің озық елдеріндегі міндетті вакцинация: Қазақстан жұртшылығы неге қарсы?
Еуропа елдері вакцинадан бас тартқандарға қатаң шара қолданады
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстегі 156 бапқа сәйкес азаматтар тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы профилактикалық егулер алуға құқылы. Профилактикалық егу жазбаша келісім немесе бас тартқандығы жайлы қолхатпен реттеледі. Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық ауруларға қарсы балаларға егуді заңмен міндеттеудің жобасын әзірлегені белгілі. Azattyq Rýhy тілшісі халықаралық тәжірибедегі мысалдарды сараптап, мамандардың пкірін тыңдап көрді.
Италия айыппұл салады, Австралия жәрдемақыдан қағады
Италияда 2019 жылдың наурыз айында қабылданған жаңа заң бойынша екпе қабылдамаған балалар мектеп пен балабақшаға кіргізілмейді. Егер оқушы сабаққа екпе салынғаны туралы анықтамасыз барса, оның ата-анасына 500 евроға дейінгі көлемде айыппұл салынады. Мұндай заңды Италия кең тараған қызылша ауруының алдын алу үшін қабылдаған. Аталған елде балаларға қызылшадан бөлек қызамық, желшешек /ветрянка/, полиомиелит, паротит ауруларына қарсы екпе егілуі міндетті. Осылайша Еуропадағы озық мемлекет вакцина қабылдағандар үлесін 80%-дан 95%-ға жеткізбек.
Ресейде де вакцинацияны міндеттеу туралы көптен бері айтылып келеді. Осы жылы мемлекеттік дума депутаттары екпе туралы міндетті паспорт енгізу туралы бастама көтерген. РФ Үкіметі бұл мәселеден шығудың жолын бізге қарағанда басқаша жоспарлап отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі вакцина қабылдаудан бас тартуға үгіттейтін ақпараттарды таратуға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп жатыр. Салалық министрліктің өкілі Татьяна Яковлеваның айтуынша, БАҚ, интернет және діни секталар арқылы иммунизациялау туралы жалған мәліметтер таратқандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
Роспотребнадзор ұйымының мәліметінше, 2018 жылы Ресейде қызылша жұқтырғандар саны 3,5 есеге өскен. Мемлекет вакцинация салу жиілігі бойынша Еуропа елдерінен 4, 5 позицияға қалып қойған.
Австралия 2016 жылы «Вакцинациясыз әлеуметтік көмек жоқ» деген заңды енгізген. Бұл заң бойынша елде баласын екпе күнтізбесінен кешіктіргендер табысы төмен отбасылар үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады. Австралия билігі екпесі түгенделмеген баланы балабақшаға кіргізбейді.
Қазақстан профилактикалық егу Ұлттық күнтізбесіне Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония сияқты дамыған елдердің иммунизациялау күнтізбесіне ұқсас. Батыс еуропа елдерінің профилактикалық егулері бойынша күнтізбелері желшешекке, ротавирусты инфекцияға, адам папилломасының вирусына қарсы қосымша вакцинациялауы қолданады.
Картада міндетті вакцинация енгізілген Еуропа Одағы елдері жасыл және қою жасыл түстермен белгіленген
Батыс елдерінің көбі профилактикалық егулері болмаса, шегарадан өтуге тыйым салады. АҚШ, Англия ЖОО-да профилактикалық егулердің міндетті түрде болуы талап етіледі. Сауд Арабиясы қажылыққа ниет еткен миллиондаған мұсылманды менингококты инфекцияға егілмесе, Мекке мен Мәдинеге жолдама бермейді. Ал Бразилия, Боливия, Колумбия сияқты америка құрлығы мен Африка контитентінің кейбір елдері сары қызба дертінің вакцинасын сұрайды.
Екпе жасатудан кім бас тартады
Санитар-дәрігерлер жұқпалы инфекциялардың ата-аналардың балаларына вакцина егуіне қарсылық көрсетуінен тарап жатқанын айтудан жалыққан емес. Былтыр 19 инфекцияға қарсы салынатын 11 түрлі екпеден 5000 адам бас тартқан. Бұл туралы жақында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.
«Ата-аналардың 40%-ы өзіміздің ой-пікіріміз бар дейді, 35%-ы дін мәселесін келтіреді, 6%-ы вакцинаға сенбейді. Діни көзқарастағылар көбіне себебін айтпай, жасырады. Олар негізінен 40%- дан да көп. Сондықтан дәрігерлер олармен жеке жұмыс істеп жатыр», - деді ол
Дәрігерге сенім азайды
БАҚ-та және әлеуметтік желілерде иммунизацияның кері әсері туралы жағымсыз ақпараттар өршіп тұр. Әсіресе аутизм, ДЦП дертіне шалдығатыны туралы тексерілмеген фактілер пабликтер мен түрлі желілерде соңғы күндері қатты тарап жатыр. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан өткен аптада «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті талқылайтын жұмыс тобының отырысында вакцинацияны «міндеттеу» туралы ұсынысқа қарсылық танытқан болатын. Депутат заң қабылданса, мандатын тапсырса да, соңына дейін күресетінін айтады.
Осы жұмыс тобына мүше болып кірген «Аман- саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова заңдағы вакцинаға қатысты өзгерісті қолдамайтынын айтады. Денсаулық саласының ұйымдастырушысы балаға екпе алуды «міндеттеу» заңмен шегеленсе, жағдай түзеліп кетеді дегенге сенбейді. Қоғам қайраткері ел арасында дәрігерлерге деген сенімнің азайғанын тілге тиек етеді. Оның ойынша сондықтан министрлік кез-келген бастамада қоғамның қарсылығына тап болады.
«Денсаулық сақтау министрлігін басқарған бұрынғы басшылар ақпараттық үгіт насихат жұмысына көңіл бөлген жоқ. Қазір соның зардабын көріп отырмыз. Вакцинадан бас тартуға болмайтынын ел ішіне шығып түсіндіру керек еді. Оның салдары қандай болатынын халық дәрігерлердің аузынан емес, басқа ақпарат көздерінен оқыды.Одан кейін дәрігерлер арасындағы жемқорлық сенімді азайтты. Бұл біз үшін ең қауіпті дерт. Сенім болмаған жерде бастамаларға, үкіметтің ұсыныстарына қарсылық болатыны заңдылық. Менің ойымша бұл өзгеріс, яғни ата-ананы екпе салдырмағаны үшін жауапқа тарту, оны мәжбүрлеу туралы баптар қабылданбайды»- дейді «Аман- саулық» қорының басшысы.
Қызылшадан қанша адам қаза тапты?
Алматы қаласы балалар жұқпалы ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин Кеңес заманында жоғалып кеткен жұқпалы аурулар бас көтеріп жатқанын айтады. Ұмытылған ауру түрлерінің ішінде тарихтан белгілі «тиф» деген инфекциялық қоздырғыш болған. Ол әлемде вакцинаның дамуына байланысты жоғалып кетті. Сол сияқты қызылша ауруы да ұмытылған дерттер санатында еді. Алайда соңғы он жылдықта екпе мәселесіндегі «босаңсу» елде осы инфекциялық ауруды дәрігерлердің күн тәртібіне қайта шығарды. Бұл халықтың вакцинаға немқұрайлы қарағанының кесірі тиюі ықтимал.
«Қазақстанда екпе жасаудың ең озық күнтізбесі қалыптасқан. Біздің елдің осы жүйесін тіпті ДСҰ өзге мемлекеттерге үлгі ретінде көрсетіп келеді. Сондықтан иммунизацияға мемлекет тарапынан қыруар қаражат пен уақыт бөлінеді. Десе де халық кейбір позициялдар бойынша осы жетістігімізді дұрыс түсінбей отыр. Сондықтан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске міндетті түрде алатын медициналық қызмет түрі ретінде енгізуді қарастырып жатыр. Мұны мен дәрігер ретінде де, ата-ана ретінде де қолдаймын. Себебі профилактика жасамаған соң, ауырып келген баланы емдеп есіміз шығатыны рас»,- дейді инфекционист дәрігер.
Қызылша бойынша 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда науқстар саны 3 есеге көбейген. Осы жұқпалы дертпен тіркелетіндер Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау, Қызылорда қалаларында артып отыр. Бұл қауіпті тенденция. Одан құтқаратын жол уақытында екпе алу, дейді маман. Денсаулық сақтау министрі өткен тоғыз айдың қортындысы бойынша елде 15 адамның «қызылша» дертінен көз жұмғанын айтты. Қазан айында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті депутаттарға таныстырған Елжан Біртанов аталған ауруға екпе алмаған адамның оны жұқтыру тәуекелділігі 90 пайызға дейін артатынын айтқан еді.
Ришат Асқарбекұлы, Абай Сейфулла, Алматы