Жаңа жылдан бастап жанармай бағасы қымбаттайды
Ұлттық экономика министрі бұл қымбатшылықтың азық-түлік пен инфляцияға қатты әсері болмайды дейді
Соңғы кездері энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің жанармай бағасына қатысты пікірі екіжұшты болып жүр. Бірі қымбаттамайды деп халыққа басу айтса, бірі қымбаттайды деп елді елеңдетіп отыр.
Бүгін Сенат отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылы бензин акцизі 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін деді. Ал сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың «Бұл бензин бағасына қалай әсер етеді?» деген сұрағына:
«Акциздің әр литрына 10 тг қосу жоспарланып отыр. Бұл бензин бағасының қымбаттауына аздап әсер етеді. Есептер оның азық-түлік пен инфляцияға қатты әсері болмайтынын көрсетіп отыр», - деп жауап берді.
Қазіргі уақытта бензин акцизінің әр литрының бағасы 8 теңге.
«Бұл өте арзан. Алыс шетелдерді есептемегенде, көрші елдермен салыстырғанның өзінде бізде баға қымбат емес. Көптеген елдерде акциз бағасы бензин бағасының жарты құнын құрайды»,- дейді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан