Ата-аналардың 35%-ы діни көзқараспен балаларына вакцина салдырмайды
«Олардың ішінде салафиттер де бар» дейді бас мемлекеттік санитариялық дәрігер

Елімізде жұқпалы инфекциялардың көбі ата-аналардың балаларына вакцина егуіне қарсылық көрсетуінен тарап жатыр. Былтыр 19 инфекцияға қарсы салынатын 11 түрлі екпеден 5000 адам бас тартқан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.
«Ата-аналардың 40%-ы өзіміздің ой-пікіріміз бар дейді, 35%-ы дін мәселесін келтіреді, 6%-ы вакцинаға сенбейді. Діни көзқарастағылар көбіне себебін айтпай, жасырады. Олар негізінен 40%- дан да көп. Сондықтан дәрігерлер олармен жеке жұмыс істеп жатыр», - деді ол.
Вакцинадан бас тартатындар негізінен дәстүрлі емес діни көзқарастағылар екен.
«Дәстүрлі исламды ұстанушылар, правословтар, католиктар ешқандай қарсылық көрсетпейді. Тіпті қолдайды. Ал дәстүрлі емес көзқарастағылармен жұмыс жасап жатырмыз. Олардың ішінде салафиттер де бар. Ал ескі наным-сенімдегілер тіпті адаммен сөйлеспейді», - дейді Ж.Бекшин.
Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде былтыр екпеге қарсы болған 5000 адамның 3500-і ойларын өзгертіпті. Бас санитариялық дәрігер вакцинаға деген теріс көзқарасқа интернеттегі жалған ақпарат тарататын әуесқой дәрігерлердің де әсер етіп жатқанын айтады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан