$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2019, 11:57
Қоғам

Түркістандағы емхана жұма сайын ғимаратын адыраспанмен тазалайды

«Түркістандағы жекеменшік емхана басшылығы расымен де қоғамдық орында адыраспан тұтатып, оны дезинфекция үшін қолдана ма?» деген сауалды емхана басшылығына жолдап көрдік

Түркістандағы емхана жұма сайын ғимаратын адыраспанмен тазалайды

Түркістандағы жекеменшік «Талғат» емханасындағы медицина қызметкерлері әр жұма сайын ғимаратты адыраспанмен аластап, дезинфекция жасайтын көрінеді. Бұл жайлы Балғын Ерболқызы есімді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің facebook парақшасында жазды.

«Емхана іші көк түтін. Отырмын дәлізде көзім ашып. Адыраспанның иісі мүңкіп тұр. Алғашында бірдеңе өртеніп жатыр екен деп ойладым. Сөйтсем адыраспан жаққанбыз дейді. «Талғат» деген поликлиникаға таңертең сағат 8 жарым, 9-да келсең көк түтін болады екен. Бәлкім бүгін жұма болғаннан кейін жақты ма екен. Үстімнің бәрі түтін сасып кетті.  Сұмдық екен мынау. Мұндағы медицина қызметкерлері әр жұма жағамыз деп айтады», - деді ол.

«Түркістандағы жекеменшік емхана басшылығы расымен де қоғамдық орында адыраспан тұтатып, оны дезинфекция үшін қолдана ма?» деген сауалды емхана басшылығына жолдап көрдік.

«Біз емхананы адыраспанмен дезинфекцияламаймыз. Бізге жұма күндері адыраспан ұстаған аталар кіріп кетеді. Сондай жағдай. Акушер-гинекологтың кабинетіне кіріпті де, оларды сыртқа шығарып, адыраспан тұтатқан. Үйде болса сөз басқа. Мен бұл жерде басшымын, сол үшін қоғамдық орында ондай тұтандырмаймын ғой. Оның иісі біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды. Нақты біздің тарапымыздан адыраспанмен дезинфекция жасалмайды. Ол ережеде де жоқ. Өзіміздің дезинфекция жасайтын химикаттарымыз бар. Мысалы, хлор, акмахлор, эпохлорит секілді тазалағыштар көп бізде», - деп жауап берді «Талғат» емханасының бас дәрігері Мақсат Байметов.

Адыраспанды дәрілік шикізат ретінде шілде айында бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін жинап алады. Ол – улы өсімдік. Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, сегізкөздің жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Мал-дәрігерлік тәжірибеде оның тұнбасымен малдың қышыма қотырын, түрлі тері ауруларын емдейді. Оның құрамында алкалоидтар бар.

Арай Есенбек

Серіктес жаңалықтары