Жұмысшы өлімі азаяр емес: Қазақстанда биыл өндіріс орнында қанша адам қаза тауып, қаншасы жараланды
Биыл жұмыс орнында жараланған жұмысшылар саны өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артқан
Қазақстанда соңғы жылдары жұмысшылардың жазатайым оқиғаларға ұшырауы жиілеп барады. Мәліметтерге көз жүгіртсек, биыл жыл басынан бері біраз адам жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы салдарынан қаза тапты. Azattyq Rýhy тілшісі соңғы жаңалықтарға көз жүгіртіп, шолу дайындады.
Оралда цехтаға жазатайым оқиға. 23 қаңтар күні цех жұмысшысы жабдықты тоқтан ажыратпай тұрып, бірден тазалауға көшкен. Соның салдарынан етті түсіргіш құрылғы өздігінен төмен түсіп кетіп, ер адамды өзімен тартып кеткен. Жұмысшы оқиға орнында қаза тапты. Бұл ретте жұмыс берушінің кінәсі 70 пайыз, ал жұмысшының кінәсі 30 пайыз екені анықталды.
Өскемендегі жарылыс. Биыл мамыр айының басында Өскемен қаласында «Қазцинк» зауытындағы жарылыстан екі адам қаза тауып, тағы бес жұмысшы жараланды. Қайғылы оқиға түтін шығаратын құрылғыны тазалау кезінде болған.
Рудныйдағы апат. 19 маусым күні Рудныйдағы «ERG Service» компаниясының электрлі болат балқыту цехында төтенше жағдай болып, жұмысшы қаза тапты. Болат балқыту пешінде технологиялық жұмыс жүргізіп жүрген шахтер ауыр жарақат алған. Жұмыс орнындағы апат сол бойда мемлекеттік және жауапты органдарға жылдам хабарланған.
Павлодардағы 6 жұмысшының қазасы. Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында кәріз құдығындағы электр сорғысын жөндеуге түскен алты адам санаулы сәтте бірінен кейін бірі қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
«Алдымен бір жұмысшы уланған. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Өкінішке қарай, бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты», - деп хабарлайды Еңбек министрлігінің комиссиясы.
«Қазақтелекомдағы» бірнеше апат. Биыл компанияның басына қалың қара бұлт үйірілгендей. Алдымен 4 тамыз күні Жамбыл мен Қостанай облыстарында екі жұмысшы жұмыс орнында тіл тартпай кетті. Компанияның мәліметіне сүйенсек, Тараздағы қайғылы оқиға арнайы техниканы пайдалану кезінде болса, ертеңінде Әулиекөл ауданында байланыс бағандарын жөндеп жүрген маман көз жұмған. Бұдан бөлек, 25 қыркүйек күні Ақтауда жабдық орнатып жүрген ер адам тоққа түсіп қаза тапты.
Қостанай облысында соңғы екі жылдағы жағдай. Прокуратураның мәліметінше, 26 адам жұмыс орнында жарақат алып, оның 16-сы қаза тапқан. Ал ең сорақысы, облыс прокуратурасы аймақта өндірісте жүріп жарақат алған азаматтардың саны азайса да, жағдайды есепке алмайтын фактілер көбейгенін хабарлап, дабыл қақты.
Қызылорда. Өткен айда аймақта кәріз тазалап жүрген екі жұмысшы күтпеген жағдайда улы газға уланып, жұмыс орнында көз жұмды. Бас прокуратураның мәліметінше, жұмысшылардың қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған. Осыған байланысты компанияның директоры мен шебері сотталып кетті.
Шымкенттегі қайғылы жағдай. Кеше Шымкент қаласында құбыр тарту жұмысын жүргізіп жатқан екі жұмысшы қаза тапты. Полиция департаментінің мәліметінше, олар құдық ішінде қалған газға уланып қалған. Қазір осыған байланысты тергеу жүріп жатыр.
Шымкенттегі бозбаланың өлімі. Тойханалардың бірінде 13 жастағы жасөспірім жұмыс істеп жүрген жерінен қаза тапты. Қайғылы оқиға тамыз айында болған. Қалалық Полиция департаменті бұл мәліметті ресми түрде растады.
Еңбек министрлігінің статистикасы. Салаға жауапты министрлік жуырда адам шошитын статистиканы жариялады. Ведомство дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы жарты жылдың өзінде 727 жұмысшы жарақат алған. Өткен жылмен салыстырсақ, жарақат алған жұмысшылардың саны 24,5 пайызға артқан. Ал олардың арасында 476 жұмысшы ауыр жарақат алыпты.