Теміртау маңындағы тасжолда жарылған дөңгелек үш жол апатына себеп болды
Жол апаттары Kia K5 көлігінің алдыңғы дөңгелегі жарылғаннан кейін болған. Үш соқтығыс салдарынан зардап шеккендер жоқ
«Астана – Қарағанды» тасжолында көліктің дөңгелегі жарылып, соның салдарынан үш жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, 22 қараша күні сағат 18:30 шамасында «Астана – Қарағанды» автожолының 185-шақырымында, Теміртау маңында, Қарағанды бағытында үш бөлек жол апаты болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға Теміртау қаласы жағынан келе жатқан Kia K5 автокөлігіндегі ақау себеп болған. Қаршоссе көпірінің маңында көліктің алдыңғы дөңгелегі жарылған. Соның салдарынан артта келе жатқан жүргізушілер шұғыл тежегіш басуға мәжбүр болып, Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai маркалы автокөліктердің қатысуымен үш бөлек соқтығыс болған», – деді полициядан.
Жол апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша қажетті тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерге көлік қозғалысы қарқынды кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайы мен көліктің техникалық күйіне қарай жылдамдық таңдауды ескертеді. Сондай-ақ шұғыл маневр мен тежелуден аулақ болып, жолға шығар алдында көліктің жарамдылығын тексеру қажет екенін еске салады. Ведомствоның айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау жол апатының алдын алып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.
