«Қазцинк» аумағындағы жарылыс: 5 адам жараланып, 2 адам қаза тапты

Екі адамның ауыр жағдайда жатқанын хабарланды

«Қазцинк» аумағындағы жарылыс: 5 адам жараланып, 2 адам қаза тапты
Фото: T.me/«Криминальный Казахстан»

«Қазцинк» аумағындағы жарылыс салдарынан 5 адам жараланып, 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компанияның мәліметінше, бүгін таңертең Өскемендегі металлургиялық өндіріс алаңы аумағында штаттан тыс жағдай болды. Алдын ала мәлімет бойынша, түтін сорғышты тазалау жұмысы барысында жарылысқа ұқсас дыбыс болып, салдарынан өрт шығып, құрылымдардың бір бөлігі құлаған.

«Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Апат орнында жедел қызметтер жұмыс істеуде, салдарын жою шаралары жүргізілуде. Жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталады. Компания қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Марқұмдардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау, оның ішінде материалдық және психологиялық жәрдем көрсетіледі», – делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін нақтылап жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, рұқсат етілген шекті мөлшерден аспайтын және қауіпті ластаушы заттар бөлінбеген шаң таралған.

Айта кетейік, ҚР ТЖМ мәліметінше, шаң ұстау цехында шаң ұстау құрылғысынан шыққан газ-ауа қоспасы салдарынан жарылыс болып, кейін нысанның бір бөлігі опырылған. Апаттан кейін Өскемен қаласын аяқасты бұлт басқаны хабарланды.

Мақалада
#Өскемен #жарылыс